Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

4 жарым айдай Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген 51 жастағы Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Мемлекет басшысының жарлығы Ақорда сайтында жарияланды.

Жаңа әкімді қала активіне Премьер-министр О.Бектенов таныстырды. Дархан Сатыбалдыға Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту міндеттері қойылғанын жеткізді. Ал қаланы 2022 жылдан бері басқарып келген 55 жастағы Ерболат Досаевты қызметінен босату туралы Президент жарлығында «басқа лауазымға ауысуына байланысты» деген ескерту жоқ. Оның мансап жолы ары қарай қайда жалғасатыны қазір белгісіз.

Досаев мемлекеттік қызметке 90-шы жылдардың соңында «жас түркілер» деп аталған толқынмен қатар келді. Үкімет пен қаржы секторында жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Бірнеше рет министр портфелін ұстады. 2006-2012 жылдары бизнеспен айналысқан. Форбс нұсқасы бойынша ең бай 50 кәсіпкердің қатарында да болды.