Ұлытаулық Сәрсенбай Қотырашов жер шарын жаяу аралаудың төртінші кезеңіне аттанды, деп хабарлайды 24kz.

75 жастағы жиһанкез 3 айға созылатын сапарда Болгария, Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция мемлекеттерін жүріп өтпек. Жалпы қашықтық – 3200 шақырым. Алыс сапарға бет алған ақсақалды ауылдастары Жезқазғаннан сәттілік тілеп шығарып салды.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Саяхаттау ешқашан кеш емес. Ардагер марафоншы Сәрсенбай Қотырашовтың әлемді бағындыру сапары осыдан үш жыл бұрын басталды. Осыған дейін 14 мың шақырымды еңсерген. 2022 жылы Қазақстанды түгел аралап шықты. 2023 жылы Кавказ арқылы Ыстамбұлға дейін, былтыр Ресейдің Алтай өлкесін, Моңғолия мен Қытайға дейін 3 мың шақырым жаяу жүрген. Ал осы сапарда Еуропаның 6 мемлекетін жүріп өтпек.

Сәрсенбай Қотырашов, жиһанкез:

- Денсаулығым жақсы. Алланың берген қуатының арқасында келе жатырмын. Қандай қиындық болса да, төзетініме өзім сенемін. Ең әуелі армандай білу керек. Оған мақсат қою керек. Оған жоспар құра білу керек. Менің басты мақсатым – әлемді тану. Қазақ халқы бар екенін әлемге жеткізу. Ұлытауды таныту.

Ақсақал бұл сапарға да бір өзі аттанбақ. Жалғыз серігі – қоларбасы. Шамамен 20 келі тартатын дорбада жолға ең қажет заттар ғана. Болгариядан бастап Еуропаның батысындағы Атлант мұхитының жағалауына дейін 3200 шақырым. Бұл қашықтықты ақсақал 3 айда жүріп өтуі тиіс. Күніне шамамен 40 шақырым. Аялдаған жерлерде түрлі кездесулер мен баспасөз мәслихаттарын өткізіп, көшпелі халықтың тарихы мен қазақтың ежелден келе жатқан қымыз мейрамын насихаттайды.

Бақтияр Қожахметов, жиһанкездің көмекшісі:

- Сыртқы істер министрлігі арқылы біздің елшіліктерге хат жібертіп жатырмыз. Елшіліктер біліп отырады, қадағалап отырады. Өйткені бұл Қазақстанның азаматы. Жәй ерігіп жүрген жоқ. Қазақстанның тарихын, Ұлытаудың тарихын насихаттап жүрген азамат. Сосын ақсақалдың өзі де хабарлап отыруы керек. «Осындай жерден өттім, мынадай жерге бара жатырмын, келесі тоқтайтын жерім мынадай» деп.

Әзірге 70 жастан асқан шағында әлемді жаяу аралап өткен ешкім жоқ. Бірақ Сәрсенбай Қотырашов: «Менің мақсатым – рекорд тіркеу емес», - дейді. Салауатты өмір салтын серік еткен ақсақалдың өзінің межесі бар. Ол – 40 мың шақырым. Биылғы сапар сәтті аяқталса, келер жылы АҚШ-тың 8 штатын жаяу аралап өтпек.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов