Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов жұмыс сапары барысында Маңғыстау облысындағы Баутино жүк ауданында болып, нысанның қазіргі жағдайымен танысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ол инфрақұрылымдық объектілерді аралап, ауданның техникалық жарақтандырылуы мен төтенше жағдайларға дайындық деңгейін бағалады.
"Баутино" Түпқараған ауданында орналасқан және Каспий теңізі жағалауындағы стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі саналады. Бұл база теңіздегі авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ мұнай төгінділері сияқты экологиялық қауіптердің салдарын жедел жоюға арналған негізгі тірек пункт ретінде қызмет етеді. Оның орналасуы Каспий акваториясындағы операцияларды үйлестіруге қолайлы мүмкіндік береді.
Министр сапар барысында Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мұндай инфрақұрылымдардың рөлі ерекше екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол материалдық-техникалық базаны жаңғырту, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және ТЖМ "Теңіз жасағы" бөлімшелерінің жедел әрекет ету қабілетін арттыру қажеттігін жеткізді.
Бұл өз кезегінде теңіздегі төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін күшейтуге және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.