Қазіргі уақытта Каспийдің су деңгейі жыл өткен сайын азайып барады.
Бұл Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының каналы арқылы жеткізілетін су мөлшерінің де кемуіне әкеліп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңірдегі өндіріс аймақтары мен тұрғындарды электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтамасыз ететін комбинат қызметі шектеліп, Ақтаудағы тұрғын үйлерді ауыз сумен және электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмау қаупі туындады. Осы себепті, қала әкімдігі 2023 жылы жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялаған болатын.
Енді келесі жылы Каспий теңізін тереңдету жұмыстары басталады. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов айтып берді. Ол тұрғындармен кездесуінде жұмыстың неше кезең бойынша жүзеге асатынын жеткізді.
– Аталған мәселе бойынша Ақтау қаласының әкімдігі каналды тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін жоба жасақтаушы мекемені анықтап, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Бұл жұмыстар 2026 жылы басталып, 2 кезеңде жүзеге аспақ, – деді ол.