Бұл Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша жүк өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.
Осылайша, Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінде бірлескен тереңдету жұмыстарын жүргізбек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әзербайжанның AZCON холдингі мен "Самұрық-Қазына" АҚ-ның еншілес ұйымы – Самұрық-Қазына Инвест Бакуде бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды. Жаңа құрылым арнайы кемені сатып алып, Қазақстан мен Әзербайжан порттарында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізетін болады.
Жұмысты келесі жылы Әзербайжаннан бастау жоспарланып отыр, кейін бұл Қазақстан аумағында жалғасады. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі танкерлер мен жүк кемелерінің еркін қатынауына елеулі кедергі келтіріп отыр. Бұған дейін хабарланғандай, 2006-2024 жылдар аралығында теңіз деңгейі шамамен 2 метрге төмендеп, бүгінде Дүниежүзілік мұхит деңгейінен 29 метрге төмен түсіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жеткен.
Бұл жағдай Ақтау портынан Баку қаласына мұнай тасымалдауды және оны әрі қарай БТД құбыры (Баку – Тбилиси – Джейхан) арқылы жеткізуді қиындатып отыр. Өткен жылы теңіз түбін тереңдету жұмыстары Құрық порты аумағында жүргізілсе, ендігі кезекте – еліміздегі ең ірі сауда айлағы Ақтау порты.
Сондай-ақ, Теңіздегі газ-сепарациялық кешен құрылысы жобасы үшін ірі көлемді жүктерді ауыстырып тиеуге арналған логистикалық база ретінде таңдалатын портта да тиісті жұмыстар атқарылады.