Төлеутай Рахымбеков «Ауыл» партиясынан шығу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ол бұл саяси бірлестіктегі қызметімен өмірінің шамамен 11 жылы байланысты болғанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.


Т. Рахымбековтің айтуынша, ол 7 жыл бойы партияның президиумы мен саяси кеңесінің мүшесі, ал 5 жылдан астам бірінші орынбасар қызметін атқарған. Осы уақыт ішінде партия оны 2019 жылғы Президент сайлауына, сондай-ақ 2021 және 2023 жылдардағы Мәжіліс сайлауына кандидат ретінде ұсынған.

«Көп ойлана келе барлық сайланбалы органдардан және партия мүшелігінен шығу туралы шешім қабылдадым», деді ол.

«Ауыл» партиясы жаңа Конституцияны «Нағыз халықтық» деп бағалады

Соңғы жылдары Төлеутай Рахымбеков Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының вице-президенті қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта ол «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» ҰАО тәуелсіз директоры болып жұмыс істейді.

Айта кетейік, «Ауыл» партиясын Серік Егізбаев басқарады.

«Ауыл» партиясының жастары Конституциялық реформаны қолдайды