Қазақстандық боксшы, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы әрі кәсіпқой бокста IBO нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Данияр Елеусінов (13-0, 8 KO) алдағы мансабына қатысты жанкүйерлеріне ой тастады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желідегі жазбасында боксшы 2026 жылы қандай жолды таңдайтынын ашық айтып, бірнеше нұсқаны қатар ұсынды. Бұған дейін ол Дана Уайт пен Турки Әл аш-Шейх қолға алып жатқан, келер жылы іске қосылуы тиіс жаңа Zuffa лигасында өнер көрсетуі мүмкін екенін мәлімдеген. Дегенмен соңғы жазба Елеусіновтің бұл бағытпен ғана шектелмейтінін аңғартады.

“What’s up, guys?
Менен 2026 жылы не күтесіздер?
Жаңа Zuffa лигасында жұдырықтасайын ба?
Әлде елге қызмет етіп, жинаған тәжірибеммен бөлісейін бе?
Сіздердің пікірлеріңіз бен ойларыңыз мен үшін өте маңызды”, – деп жазды Данияр Елеусінов.

Айта кетейік, Елеусінов соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың шілде айында АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Вашингтон қаласында өткізді. Ол кездесуде филиппиндік Джеймс Бейконды (26-6, 17 KO) екінші раундта нокаутпен жеңген болатын.

34 жастағы боксшы 2020 жылдан бері бар болғаны төрт-ақ жекпе-жек өткізген.