Невролог әрі психиатр Полина Вахромеева 25 пен 35 жас аралығындағы жастардың көбі ұмытшақтық пен зейіннің төмендеуін жиі сезінетінін айтты. Дәрігер мұның себебін lenta.ru-ға түсіндірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, жастардағы есте сақтау проблемасы көбіне зейіннің бұзылуынан пайда болады.
"Бұл жағдай бірден байқалмайды, бірақ күнделікті өмірдегі түрлі факторлардың әсерінен күшейе береді. Қазір бәріміз көп істі қатар атқаратын режимде өмір сүріп жатырмыз. Ал ұйқының қанбауы мен демалыстың жетіспеуі жүйке жүйесіне тұрақты салмақ түсіреді. Ақпаратқа шамадан тыс толған ми жаңа деректерді қабылдау қабілетін жоғалта бастайды. Соның салдарынан адам заттарды жиі ұмытып, ұсақ-түйек мәліметтерді шатастыра бастағанын байқайды", — деп түсіндірді невролог.
Вахромееваның сөзінше, есте сақтау қабілетінің нашарлауына созылмалы жүйке ширығуы мен эмоциялық шаршау да жиі әсер етеді. Мұндай жағдайда кортизол деңгейі көтеріледі. Ал бұл гормон есте сақтауға жауап беретін мидың гиппокамп аймағына кері әсер етеді.
Есте сақтау мәселесін темекі шегу, алкогольді жиі тұтыну және дұрыс тамақтанбау да ушықтыруы мүмкін.
"B тобы дәрумендерінің, D дәруменінің, темірдің, йодтың, мырыштың және басқа да микроэлементтердің жетіспеуі ми жұмысына кері әсер етеді. Мысалы, B12 дәруменінің тапшылығы есте сақтау қабілетінің бұзылуымен тікелей байланысты", — деп ескертті дәрігер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!