Республика күні қарсаңында Семейде жаңа саябақ ашылды. Қарағайлы ықшам ауданында өткен салтанатты шараға Абай облысының басшылығы, қоғам белсенділері мен шаһар тұрғындары жиналды. Аумағы 53 мың шаршы метрден асатын жаңа алаң заман талабына сай абаттандырылған. Бірнеше демалыс алаңқайлары мен үлкен сахна қойылған.

Жаңа саябақ үш жарым айдың ішінде салынды. Алаңның төбесінен қарасаң үлкен киіз үй бейнеленген. Демалыс орнының 26 мың шаршы метрі көгалдандырылып, 6 мың шаршы метр жерге асфальт төселген.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Өзгеше нысанды Республика күні арнайы орайластырып, Семей тұрғындарының қажетіне пайдалануға бергелі отырмыз. Бұл қала тұрғындарының демалып, серуендеуіне арналған жаңа саябақ, жаңа алаң болмақ. Осындай ерекше қадірлі мерекелі күнде баршаңызды шын жүректен құттықтаймын.

Шамамен бес гектар аумақта мыңнан астам қарағай мен шырша егілген. Бұған қоса 9500-ден астам сәндік бұталар мен 8000-ға жуық көпжылдық гүлдер егілді. Алдағы уақытта мұнда мемлекеттік рәміздер орналатылады. Енді бұл саябақ Семейліктердің сүйікті демалыс орнына айналмақ.

Орал Шәріпбаев, қоғам белсендісі:

- Бізді топтастыратын, достастыратын, халықты бір біріне жақындастыратын, қуаныш пен жақсылыққа бөлейтін күн болып жатыр. Әрдайым осындай қуаныштар көп болсын. Бұл саябақ жақсылықтың саябағы, достықтың саябағы ең бастысы — халыққа қуаныш әкелген болашақ жастарымыздың саябағы.

Жаңа демалыс орныныаң ашылу салтанаты мерекелік концертпен түйінделді. Қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, шаһар тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов