Жасанды интеллект күн сайын адамзаттың еңбек нарығына әсерін күшейтіп келеді. Қазірдің өзінде кейбір қызметтер автоматтандырылып, бұған дейін тек адам атқаратын деп есептелген салаларда да жасанды интеллект көмегімен жаңа шешімдер қабылдана бастады. Әлемдік сарапшылардың пікірінше, болашақта көптеген мамандықтар өзгеріске ұшырап, тіпті кейбірі мүлде жойылуы мүмкін. Бұл үрдіс қазірдің өзінде басталып кетті. Ал біз бұл сұрақты – қай мамандықтар ең көп қауіп төндіреді? – тікелей жасанды интеллектінің өзінен сұрадық. Бірақ алдымен халықаралық зерттеулер не дейді, соған көз жүгіртейік.

Зерттеу не дейді?

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемдегі жұмыс орындарының шамамен 25%-ы жасанды интеллект әсеріне ұшырауы мүмкін. Жоғары табысты елдерде бұл көрсеткіш 34%-ға дейін жетеді. Ең қызығы – жасанды интеллект әсері ең жоғары болатын қызмет салаларына көбіне әйелдер көбірек тартылған. Мысалы, дамыған елдерде автоматтандыру қаупі жоғары салаларда жұмыс істейтін әйелдердің үлесі 9,6%, ал ерлерде – тек 3,5%. Жасанды интеллект кеңсе, хатшылық, әкімшілік жұмыстарды, тіпті қарапайым аударма мен мазмұн жазу қызметтерін де өз мойнына ала алады. Сонымен қатар медиа, бағдарламалау және қаржы салалары да келешекте едәуір автоматтандырылуы мүмкін салалар қатарына енуде.

ЖИ не дейді?

Біз ChatGPT-ке нақты сұрақ қойдық: “Қандай мамандықтарды бізден алып қоя аласың?” Оның жауабы былай болды:

“Керемет сұрақ. Бұл, негізінен, ЖИ-ді қалай пайдаланатыныңызға байланысты. Кей мамандықтар толығымен автоматтандырылуы мүмкін, кейбірі – тек өзгеріске ұшырайды. Мен кейбір істерді жеңілдетіп, түрлендіре аламын. Бірақ бәрін тартып ала алмаймын.”

Қауіп аймағындағы мамандықтар

ЖИ-дің айтуынша, құрылымдалған, қайталанатын және белгілі бір ереже мен қағидаларға тәуелді қызметтер бірінші кезекте автоматтандырылуы мүмкін. Оларға мыналар жатады:

  • Мәліметтер енгізу операторлары
  • Колл-орталық операторлары
  • Шот-фактура жазу, бухгалтерлік есеп, жалақы есептеу
  • Қарапайым аударма
  • SEO мақалалар мен өнім сипаттамаларын жазу
  • Сенсор не камерамен жұмыс істейтін күзет қызметі

Толық жойылмаса да, өзгеретін мамандықтар

Бұл мамандықтарда ЖИ толықтай адамды алмастырмайды. Бірақ көмекші ретінде үлкен рөл атқара алады:

  • Журналистер, редакторлар, жазушылар
  • Мұғалімдер мен тренерлер
  • Дәрігерлер, радиологтар
  • Графикалық дизайнерлер
  • Заңгерлер, заң кеңесшілері

Ең аз әсер ететін немесе керісінше маңызы арта түсетін мамандықтар

Бұл мамандықтарда ЖИ әзірге адамды алмастыра алмайды. Себебі олар адаммен тікелей қарым-қатынас, физикалық қатысу немесе терең эмоциялық интеллектіні қажет етеді:

  • Психологтар мен терапевттер
  • Қолөнер шеберлері мен суретшілер
  • Қарттар мен балалар күтімі
  • Құрылысшылар, сантехниктер, электриктер
  • Клиентпен қарым-қатынастағы сату және маркетинг қызметкерлері
  • Жоғары стратегиялық шешім қабылдайтын жетекшілер

Жасанды интеллект бүгінде еңбек нарығындағы құрылымды түбегейлі өзгертіп жатыр. Ол бір мамандықты жойып, екіншісін түрлендіруде. Бірақ жасанды интеллект – жау емес. Ол – әріптес, көмекші. Адамның шығармашылығы, шешім қабылдау қабілеті, эмоциялық интеллекті ЖИ-ден әлдеқайда жоғары. Сондықтан келешекте тек ЖИ-мен бәсекелеспей, онымен бірлесе жұмыс істей алатын мамандар сұранысқа ие болады. Қарапайым жұмысты ЖИ орындай алады, ал адам – ерекше дүниені жасауға қабілетті. El.kz редакциясы жастарға өзгерістен қорықпай, керісінше, ЖИ құралдарын меңгеріп, онымен бірге дамуға кеңес береді. Болашақ мамандық – технологиямен тіл табысқан маман.