Биыл бұл кезеңде өндіріс көлемі 4,3 пайызға артты. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты .
Ведомство басшысы былтырғы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірді тұтыну жоспары шамамен 7,9 миллион тонна болғанын айтты. Айтуынша, жылыту маусымында көмір тұрақты жеткізілді. Осылайша барлық тұтынушы толық көлемде көмірмен қамтамасыз етілген.
«Қоймалар мен теміржол тұйықтарында шамамен 350 мың тонна көмір қоры бар.
2025-2026 жылдарға арналған жылыту маусымына көмірді үздіксіз жеткізу Жоспары әзірленіп, жергілікті атқарушы органдарға, ҚТЖ және көмір компанияларына жолданды. Сонымен қатар, көмірді тұрақты жеткізу үшін «Қазтеміртранс»-пен бірлесіп, көмір компанияларын қажетті вагондармен қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді келісімшар жасалып жатыр», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде шамамен 110 миллион тонна көмір өндірілді.
Оның ішінде халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор – 8,6 миллион тонна, энергия және жылу өндіруші кәсіпорындар – 66 миллион тонна, өнеркәсіп секторы 6 миллион тоннамен қамтамасыз етілді.
«Экспортқа 30 миллион тонна көмір шығарылған. Өткен жылдың төрт айында 36,4 миллион тонна көмір өндірілсе, осы жылдың төрт айында өндіріс көлемі 4,3 пайызға артты», – деді министр.