Түркістан облысының Төле би ауданында жасыл желегі жайқалып, көшелері гүлмен көмкерілген Мәдени деп аталатын алақандай ауыл бар. Жылдағы дәстүр бойынша мұндағы жұрт биыл да жексенбі сайын тазалық күнін үзбей ұйымдастырып келеді. Ауылдан жырақ кеткендер де бұл күні туған жердің төсінен табылып, кіндік қаны тамған топырақты көркейтіп гүлдендіруге барын салады .
Көшенің қос қапталына егілген аршаның бірін Нұрбақыт отырғызған. 9-сынып оқушысы содан бері аптасына келіп, түбін қопсытады. Шелекпен тасып, суарады. Күтімі келіскен ағаш та жыл санап жайқалып өсіп келеді.
Нұрбақыт Пернебай, мектеп оқушысы:
Бұл ағашты өзім 4 жыл бұрын ектім. Ол кезде бойы менімен бірдей еді. Қазір, міне, ұзын болды ғой. Енді осылай өскенше жалғастарымын деп отырмын.
Мәдениде бүгін таң атқалы осындай қайнаған еңбек. Еңкейген кәріден бастап, ойын баласына дейін кетпен-күрегін, сыпырғысы мен арасын ұстап көшеде жүр. Қураған ағашты қырқып, саябақтарға егілген гүлдерді арам шөптен тазартып барады. Ауыл жаппай есік алдындағы газ құбырын сырлауда. Енді бір топ аяқжолдарды сумен жуып, бордюрді бояуға дайындап жатыр.
Ауылдағы ағайын бүгінде өзгеге алақан жаймауға әдеттенген. Керегін көп боп ұйымдасып, өздері жасауға тырысады. Аптадағы бір күн демалысында Бірлік те қарап отырмай, қисайған газ құбырларын түзетіп, дәнекерлеп жүр.
Бірлік Әбдікерімов, ауыл тұрғыны:
Аллея салып жатыр екен. Соған кедергі жасаған жерін өзгертіп, үлкен етіп салынуына үлесімізді қосып жатырмыз. Қолымыздан келетіні дәнекерлеу жұмысы. Ауылдың игілігі үшін тегін жасаймын. Оған ешқандай ақы алмаймын.
Бір кездері мұң-мұқтажы шаш етектен болған Мәдени ауылына бүгінде жұрт қызыға қарайтын болды. Ауылдан түлеп ұшқан қалталы азаматтар бірігіп, асфальтталған көшелердің бүлінген жерін бүтіндеуге де жәрдемдеседі.
Ғани Қалмаханов