Мамандар бірнеше ауысымда жұмылып, нысандағы барлық талаптардың қатаң сақталуын бақылауға көшті.

Миллиондаған адамның сағыныса қауышып, қимастықпен қошатасатын әуежайда жаңа жылдық қарбалас басталып кетті. Авиациялық қауіпсіздік қызметі бір ауысымда 140-тан астам маманды жұмысқа тартып, әуежай қызметкерлері мен жолаушыларының тиісті талаптарды сақтауын қадағалап жүр.

Шыңғыс Советов, Авиациялық қауіпсіздік қызметінің инспекторы:

- Біздің жұмысымызға кіретін багаж тексеру. Багаждың ішінен тыйым салынған зат, қайшы, пышақ, аэрозоль. Ауада давление болады, жарылып қалуы мүмкін. Соның бәрін қараймыз. Жаңа жыл келе жатыр, көбісі алкогольді ішімдікпен келеді. Көңіл күйлері жақсы болып елдеріне қайтып жатады. Бірақ біздің талап өте қатты шуламау. Егер бізге бағынбай жатса, тиісті органдарды шақырамыз.

Өрт қауіпсіздігі де басты назарда. Себебі мұнда тек әуежай қызметкелері емес, нысанда орналасқан дүкендер мен тамақтану орындарын жалға алушылар бар. Жауаптылар олардың да арасында профилактикалық шаралар өткізіп, қауіпсіздік жадынамаларын тұрақты түрде таратады.

Вячеслав Попов, өрт қадағалау жөніндегі бас инженер:

- Дүкендерді жалға алушылар мен қызметтік бөлімшелердің қауіпсіздігі үнемі назарда. Біз көбіне өрт талаптары бойынша оқу-жаттығу жұмысын жүргіземіз, ал оны өткізер алдында бірнеше рет хабарлама жасаймыз. Бірақ жолаушылар дұрыс түсінбей, «азаматтар өртке байланысты эвакуацияланып жатыр» деген жалған ақпарат тарайды. Дегенмен, бұл қалыпты оқу-жаттығу жұмысы екенін еске салғымыз келеді.

Мамандар әлеуметтік желіде тараған жалған ақпаратқа емес, тек әуежай қызметкерлерінің ресми хабарламасына сенуге шақырады.

Альмира Оразбай, Руслан Алиев