Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен Ақмола облысының Қосшы қаласында «Тігінен интеграцияланған агроөнеркәсіп кәсіпорындарының тәжірибесін дамыту және зерделеу мәселелері» тақырыбында комитеттің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.


Жиынға Мәжіліс депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Ақмола облысы әкімдігінің, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының басшылары, агроқұрылымдардың жетекшілері, халықаралық ұйымдар мен салалық қауымдастықтардың сарапшылары қатысты. Елдің әр аймағындағы фермерлер, шаруа қожалықтары, барлығы жүзден астам аграрлық құрылым басшылары көшпелі отырысқа бейнеконференция байланысы арқылы қосылды.

аш

Отырысты ашқан комитет төрағасы Серік Егізбаев жиын Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында қойылған тапсырмаларды іске асыруға бағытталғанын атап өтті. Онда ауыл шаруашылығын дамытуда жаңа тәсілдер мен нақты шешімдерге ерекше мән берілгенін айтты.

«Мемлекет басшысы толық өндірістік циклді қамтитын, терең қайта өңдеуді жүзеге асыратын, озық технологияларды белсенді қолданатын тігінен интеграцияланған агрокәсіпорындарының тәжірибесін кеңінен тарату маңызды екендігіне назар аударды. Ақмола облысын көшпелі отырыс өткізу алаңы ретінде таңдауымыз кездейсоқ емес. Биыл өңір астық жинау көлемі бойынша көшбасшы атанды. Басқа өңірлерден айырмашылығы, мұнда толыққанды агрохабтарды дамытуға тұрақты негіз қалыптасқан. Дамыған логистикалық және өндірістік инфрақұрылым, өңдеуші кәсіпорындардың жоғары шоғырлануы, цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, сондай-ақ бизнестің, ғылымның және кадрлар даярлау жүйесінің тығыз ынтымақтастығы осы өңірдің басты артықшылығы. Осы мүмкіндіктерді ескере отырып, бүгін біз агрохолдингтердің тиімді жұмыс моделін, олардың өндірістік тәжірибесін, цифрландыруды жан-жақты талқыламақпыз», деді комитет төрағасы.

Отырыста Шығыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстарының кәсіпорын иелері мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшылары өз кәсіпорындарының жұмыс барысы, жаңа технологияларды енгізудің жай-күйі туралы баяндады.

Депутаттар мен аграрилер өндіріс процесін цифрландыру, су ресурсын үнемді қолдану және алқаптарды тиімді пайдалану технологиялары, мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктерге қол жеткізу жолдары және басқа да мәселелер бойынша өздерін алаңдатқан сауалдарды ортаға салып, құзырлы мекемелер өкілдері тарапынан тиісінше жауап алды.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен өңдеушілердің бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істеуіне жағдай жасау қажеттігін айтты.

«Өндіруші мен өңдеуші – аграрлық саланың қос қанаты сияқты. Екеуінің де құқығы қорғалуы қажет. Олар өзара бәсекелесіп емес, бірлесіп жұмыс істесе ғана аграрлық сектор дамиды. Сондықтан бүгінгі жиынға қатысып отырған құзырлы органдардың өкілдері өңдеуші мен өндірушінің байланысын нығайтуға ықпал етіп, тепе-теңдікті, әділеттілілікті қамтамасыз етуі керек», деді депутат.

Іс-шараны қорытындылаған Серік Егізбаев жиында көтерілген мәселелер мен ортаға салынған ұсыныстардың барлығы назарға алынып, тиісті ұсынымдар Үкіметке жолданатынын айтты.

аш

Көшпелі отырыс аясында депутаттар Целиноград ауданы Мәншүк Мәметова ауылындағы «Ен-Дала» сүт-тауар фермасына, Қосшы қаласындағы «Алтын-Қазық» ет және ет-шұжық өнімдер кәсіпорнына, құс етін өндіретін «Aitas Agro» кәсіпорнына, тауық етінен жартылай фабрикаттар шығаратын «Il-Tov» ЖШС-на барып, жұмыс процесімен, олар қолданатын озық технологиялармен танысты.