Биыл Уорлд Cкиллс Қазақстан чемпионаты 15 қосымша құзыреттілікпен толықты.

Олардың қатарында ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын қолдану, ақпараттық қауіпсіздік, өндірістік дизайн, локомотивті басқару секілді бағыттар бар. Себебі дәл осы мамандықтар кейінгі жылдары елдегі колледж студенттері мен жұмыс берушілер тарапынан қызығушылық тудырып отыр. Елордада осы күндері жұмысшы мамандықтар арасындағы дәстүрлі дода оныншы мәрте өтіп жатыр.

Біздің жастар дрон құрастырудан әлем елдерімен бәсекеге түсе алады. Уорлд скиллс Қазақстан чемпионатында өңірлерде оза шапқан кіл мықтылар сынға түсіп жатыр. Жарыс талабына сай, қатысушылар алдымен дронды құрастырып, кейін оны әуеге ұшырып, түрлі сынақтан сүрінбей өткізуі керек. Чемпионаттың шеберлікті шыңдауда маңызы зор, дейді сарапшылар.

Шоқан Түйебаев, бас сарапшы:

- Он облыстан қатысушы бар. Оларға арнайы жасалған тапсырма беріледі яғни үш күнге созылатын болады. Әр модульде әр қатысушының жан-жақты жасай алатын нәрселері тексеріледі. Өте жақсы дамып жатқан сала болғандықтан бұл жерде барлық нәрсені үйренуге болады. Тек қана жинақтау емес, қабілеттерді дамыту, ойлай білу, басқара білу.

Құрылыс саласында да жаңа машықтарды игеру қажет-ақ. Жас мамандар сапа мен бәсекеге қабілеттілікті қатар алып жүруді қалайды. Себебі кез келген нысан құрылысы кірпіш қалап, сылақ сылаудан ғана тұрмайды. Нарықта заманға сай техникалық талап қатаң. Чемпионат — ептілікті паш етуге зор мүмкіндік. Осы алаңда кәсіптік-техникалық мамандықты таңдаған студенттер болашақ жұмыс берушімен таныса алады. Үздіктерге сұраныс та жоғары.

Бауыржан Мұхаметжанов, бас сарапшы:

- Еуропалық стандарттарға сәйкес бағалаймыз. Ертең берушілер де қызыға алатын маман болып шығады. Бұны айтсақ болады жұмысшылар арасындағы олимпиада деп. Олимпиадаға көп көңіл бөлінеді ғой бәрі жеңімпаз болғысы келеді бәрі қызығатын. Жұмысшы мамандықтың дәрежесін көтеретін бірден бір құралды осы WorldSkills чемпионаты деуге болады.

Уорлд скиллс бұған дейін өңірлік деңгейде өтті. Сонда студенттер мен жұмыс берушілер тарапынан сұраныс артқан жаңа бағыттар анықталды. Енді қосымша 15 құзыреттілік биылғы республикалық чемпионатқа қосылып, еңбек нарығындағы өзгерістер ескерілді. 3-9 желтоқсан аралығында өтіп жатқан біліктілік бәсекесіне барлық облыстан 825 қатысушы жиналды. Олар өндірістік, инженерлік, ақпараттық технологиялар, сервис, құрылыс, әлеуметтік қызметтер және креативті индустриялар секілді 45 бағыт бойынша сынға түседі. Алдағы қорытынды кезеңде жеңімпаздар анықталып, 9 желтоқсанда марапатталады.

Рухани Әбдірахман