Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері тәуелсіздік күніне орай Мұхтар Әуезов атындағы университеттің Шыршық қаласындағы филиалында қазақ студенттерімен кездесу өткізді. Жиында еліміздің тарихы, жүріп өткен жолымен халықаралық аренадағы қазіргі рөлі сөз болды. Көрші мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас төңірегінде әңгіме өрбіді.

Шыршық қаласындағы жоғарғы оқу орыны – Қазақстанның шетелде ашқан тұңғыш университет филиалы. Мұнда қазір 500-ге жуық студент оқиды. Дені осы жақтағы қазақ жастары. Қандастарға Қазақстанда атқарылып жатқан реформалар мен болашақ мүмкіндіктер жайлы мағлұмат берілді.

Сержан Сәрсенбаев, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілік кеңесшісі:

- Екі ел арасындағы тығыз байланыс және болып жатқан біріккен жобалар, жұмысшы мамандықтың маңыздылығы мен болашақта атқарылатын миссиялар жайында түсінідіріп айтылды.

2025 жыл елімізде жұмысшы мамандықтарды қолдап, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға арналды. Бағдарламаның стратегиялық рөлі мен оның болашақ мамандар үшін маңыздылығы жастарға жан-жақты таныстырылды. Студенттер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды.

Айдын Түсіпбаева, студент:

- Бүгінгі болып өткен шаралардан өзіме керекті деген нәрселерді ұғып алдым. Сонымен қатар келешекте өзімнің таңдаған мамандығым бойынша үлкен жұмыс атқарам деген ойдамын.

Жуырда екі ел президенттері бірқатар бірлескен кәсіпорындарды ашты. Бұл жобалар жастардың кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндіктер беріп, білікті кадрларға деген сұранысты арттырары анық.