Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері FPV дрондарды басқаруды меңгерді. ІІМ Басқару академиясында олар екі апта бойы машығып, аталған құрылғының қыр-сырын үйренді, деп хабарлайды Egemen.kz.


Дрон басқаруға арналған кешенді курсты «Ashyq Aspan Foundation» ғылыми білім қоғамдық қорының мамандары өткізді. Алғашқы кезеңде жауынгерлер симуляторларда жаттығып, оқу-дрондарын басқаруды меңгерді. Екінші кезеңде қатысушылар дрондардың құрылымын зерттеп, ақауларын жөндеуді үйренді. Одан соң арнайы дайындалған топ FPV дрондарын күрделі операцияларда қолдану әдістерін, маневр жасау тактикасы мен антидрон жүйелерімен өзара әрекет ету тәсілдерін зерттеді.

Оқуға қатысқан «Барыс» лақап атты жауынгер тәжірибенің маңызын ерекше атап өтті.

«Біз бұл жолы шағын әрі аса жылдам FPV дрондарын қолдануды үйрендік. Мұндай ұшу аппараттары тапсырманы орындауға қолайлы. Әсіресе, нысан ішін барлау, тінту және тексеру кезінде таптырмас құрал», дейді ол.

Г.Жолжан

Сондай-ақ, қатысушылар арасында FPV tinywoop сайысы өткізілді. Мұнда олар оқып-үйренгендерін көрсетті. Үздік шыққандары мадақтамалармен марапатталды. Алдағы уақытта курсты жалғастыру жоспарланып отыр. Келесі жолы жауынгерлер FPV дрондарды толығымен өздері құрастырып, техникалық жөндеуді тереңірек меңгермек.

Айта кетсек, биылдан бастап ІІМ Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде дрон операторларын даярлау курсы іске қосылды. Бұл сарбаздарға заманауи әскери-қолданбалы дағдыларды меңгеріп, сұранысқа ие мамандықты игеруге мүмкіндік береді.