Қазақтың «Отан – отбасынан басталады» деген сөзінің астарында терең мағына жатыр. Ұлы мен қызына ұятты, ибаны, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті, қанағат пен еңбекті, отаншылдықты, әдептің барлығын қазақ отбасында үйреткен.

Сондықтан отбасы әлеуметтік институт саналады. Ақпараттық ағын мен технологиялық жарыстардың заманында отбасы құндылығы, бала тәрбиесі секілді мәселелердің екінші орынға түсіп қалғаны жасырын емес. Бүгінгі қоғамдағы некенің тұрақсыздығы, ажырасудың көбеюі, отбасындағы әлеуметтік теңсіздіктің орын алуы, зорлық-зомбылық секілді жағдайлар рухани құндылықтардың төмендеуіне, баланың тәрбиесіне теріс әсер етуде.

Әйтсе де мемлекеттің басты құндылығы адам және отбасы болғандықтан елімізде отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған нақты қадамдар жасалып, отбасы саясаты нығайып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Түбірді тану, отбасылық дәстүрді қастерлеу халқымыздың өзін-өзі тануында қай уақытта да ерекше орын алған. Ал бүгінгі таңда ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып жатыр. Мемлекет пен қоғамның міндеті – отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақты жан-жақты дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау. Ана мен баланы қорғау және қолдау – біздің саясатымыздың басты басымдықтарының бірі», — деген еді. Отбасылық саясат – бұл мемлекеттің отбасының әлеуметтік, экономикалық және құқықтық жағдайын жақсартуға арналған шаралар жиынтығы.

Отбасы институтын нығайту, дәстүрлі отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында елімізде 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілген. Сондай-ақ отбасылық саясатты іске асыруды ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу үшін қазақстандық қоғамдық даму институтының құрылымында отбасы институтын және гендерлік саясатты зерделеу орталығы жұмыс істейді. Облыс, қала және аудандарда қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсету үшін отбасын қолдау орталықтары құрылған. Өткен жылы Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңның күшіне енуі отбасылық саясатты дамытуда маңызды қадам болды. Аталған заң аясында Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы қайта қаралып, олар бірыңғай үлгі бойынша жұмыс істей бастады. Республикада мұндай орталықтардың саны 33-тен 124-ке дейін үш есе артқандығы қуантады. Мамандардың дерегінше жыл басынан бері бұл орталықтарға 100 мыңнан астам адам жүгінген, ал 5 мыңнан астам отбасыға жан-жақты қолдау көрсетілген. Астана, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында орталықтардың жұмыс процестерін цифрландыру енгізілді. Жаңа жүйенің басты артықшылығы – дағдарысқа ұшыраған отбасылардың мәселелеріне жылдам ден қою және оларға дер кезінде қолдау көрсету.

Отбасы құндылықтарын сақтау, дәріптеу мақсатында елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Аталған байқаудың он екі жылдық тарихында еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқанын айта кетейік. Аталған жоба арқылы қазақ елі ынтымағы жарасқан, салт-дәстүрге берік, ұрпағына өнегелі тәрбие беріп отырған талай жанұяны таныды және олардан үлгі алды. Одан бөлек өңірлерде құрылған «Әкелер мектебі», «Аналар кеңесі», «Ардагерлер кеңесі», «Ақсақалдар алқасы», «Жастар ұйымы» секілді ұйымдар да отбасы саясатын оңынан жүргізуге зор ықпал етуде. 2024 жылы Қазақстанда тіркелген ажырасулар саны 40 569-ға жеткен. Бұл соңғы он жылдағы ең төмен көрсеткіштердің бірі екен. Әрине, бұл республикада отбасылық саясаттың дұрыс жүргізіліп отырғандығын және отбасы құндылықтарының артып отырғандығын білдіреді.

Отбасылық саясаттың бағыты тек моральдық көмек емес сонымен қатар материалдық көмек берумен де сипатталады. Осы ретте 2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 847,7 мың отбасы жалпы сомасы 449,8 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен – орташа 604,5 мың отбасы 391,1 млрд теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен – 243,2 мың адам 58,7 млрд теңгеге қамтылды.

Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Өткен жылы қордан 18 жасқа толмаған 7 миллионға жуық балаға алғашқы қаражат аударылса, 2025 жылы 888,8 миллион доллар иелеріне «табысталды».

Отбасы саясаты түптеп келгенде отбасы құндылықтарынан бастау алады. Отбасыдағы берекенің жоғалуы, ажырасу, зорлық-зомбылықтың, әйел мен баланың құқығын таптау барлығы жанұяда берілген тәлім-тәрбиенің нашарлығынан. Ал саналы ұрпақ тәрбиелейтін отбасының іргесі мықты болмақ. Сондықтан отбасылық саясатты жүзеге асыруды тек мемлекеттің мойнына іліп қоймай, әр адам өзінен бастаса Қазақстан өркениетті ел болмақ.