"Реалдың" франциялық жұлдызы Килиан Мбаппе Испаниядағы нәтижелі ойынымен жанкүйерлерін тамсандырып келеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Ла Лиганың 11-туры аясында өткен "Валенсияға" қарсы ойында (4:0) Мбаппе дубль авторы атанып, 19-шы және 31-минуттарда көзге түсті.

Осылайша, ол Ла Лигадағы алғашқы 45 матчында 44 гол соғып, әйгілі Криштиану Роналдудың рекордын жаңартты. Португалия футболшысы дәл осындай ойын санында 43 гол салған болатын.

Дереккөз мәліметінше, мұндай көрсеткішті Испания чемпионатында Ференц Пушкаштан бері ешкім қайталамаған — венгриялық шабуылшы алғашқы 44 ойында 44 гол соққан.

Еске салайық, Килиан Мбаппе 2024 жылы ПСЖ клубынан "Реалға" ауысып, 2029 жылға дейінгі келісімшартқа қол қойған.

Биылғы маусымда ол мадридтік клуб сапында барлық турнирде 14 ойын өткізіп, 18 гол соғып және 2 нәтижелі пас берген.

Қазір "Реал" 30 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр. Ал 9 қарашада Хаби Алонсоның шәкірттері сырт алаңда "Райо Вальеканоммен" кездеседі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget