Алматының «Қайрат» футбол клубы – Қазақстан футболының тарихында ерекше орын алатын, елдегі ең танымал әрі табысты командалардың бірі. Клуб 1954 жылы құрылғанымен, 1956 жылы «Қайрат» атауын алды. Былтыр өзінің 70 жылдығын атап өтті. «Қайрат» КСРО чемпионатының Жоғарғы лигасына қатысқан алғашқы қазақстандық команда. Кеңес дәуірінде 24 маусым Жоғарғы лигада ойнап, 1988 жылы КСРО Федерация Кубогының жеңімпазы атанды. Бұл қазақстандық клубтар арасындағы ең жоғары нәтиже. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, «Қайрат» 1992 жылы алғашқы Қазақстан чемпионаты мен Кубогының жеңімпазы атанды. Кейінгі жылдары клуб 10 рет Қазақстан Кубогын жеңіп алды. 2 мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Ал кеше тағы бір тарихи жеңіске қол жеткізіп, жанкүйерлерін шексіз қуанышқа бөледі. Клубтың заманауи инфрақұрылымы мен жастар академиясы да отандық футболды дамытуда маңызды рөл атқарып келеді.

Ақниет Балтанова