Түнде бөлмеде желдеткіш қосып ұйықтау денсаулыққа зиян деген пікір жиі айтылады. Кейбіреулер мұның арты өлімге апарып соғуы мүмкін дейді. " Проверено " басылымы бұл ақпараттың ғылыми негізі бар-жоғын анықтап көрді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Factcheck.kz-ке сілтеме жасап.

Желдеткішпен ұйықтауға болмай ма?

Әртүрлі дереккөз желдеткіш қосулы бөлмеде ұйықтаудың қауіп деңгейін орташадан өмірге төнетін қатерге дейін бағалайды. Кейбірі мұндай жағдайда тұншығып қалу қаупі бар десе, енді бірінде бұл аллергия мен демікпенің асқынуына, тері мен шырышты қабықтардың кебуіне, дене құрысуы мен қалтырауға алып келуі мүмкін екені айтылған.

Желдеткіштің алғашқы түрлері, соның ішінде төбеге орнатылатын үлгілері, XIX ғасырда пайда болған. Ал желдеткіш денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін деген пікірлер XX ғасырдың алғашқы жартысында тарай бастады. 1927 жылы Оңтүстік Кореяның Jungoe Ilbo газетіне шыққан мақалада: "Желдеткіш қалақтары вакуум тудырып, өкпеге оттегінің жетуін қиындатады" деп жазылған. Сол кездері бұл құрылғылар жүрек айнуы, тұншығу, тіпті бет бұлшықеттерінің салдануына себеп болуы мүмкін деген пікірлер айтылған. Дегенмен ол материалда нақты бір адамның қаза тапқаны немесе желдеткіш қаупінің ғылыми дәлелі көрсетілмеген.

Алайда Оңтүстік Кореяда мұндай сенім ұзақ жылдар бойы сақталып келді. 2006 жылы елдің тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы желдеткіш қосулы жабық бөлмеде ұзақ уақыт болу адамды өлімге жеткізуі мүмкін екенін айтып, ескерту жасаған. Мұндай жағдайда бөлмеде көмірқышқыл газы көбейіп, оттегі азаятын көрінеді. Ұйымның есебінше, елде 2003–2005 жылдар аралығында ұйықтап жатқанда желдеткіш пен кондиционердің кесірінен 20 адам қайтыс болған. Қауіптің алдын алу үшін ұйым желдеткішке автоматты өшіру таймерін орнатуды, бөлмеге таза ауа кіруі үшін есік немесе терезені ашуды ұсынған.

Фактчекерлер не дейді?

"Проверено" басылымының фактчекерлері әртүрлі ғылыми деректерді саралап, қорытынды жасады.

Бөлмеде қосулы тұрған желдеткішпен ұйықтау туралы пікірлер негізсіз. Бұл құрылғы бөлмеден оттегіні толық шығарып, оның орнын көмірқышқыл газымен алмастыра алмайды, адамды өліп кететіндей суытып немесе ыстықтап өлуге жеткізбейді. Ылғалдылық деңгейі төмен болған жағдайда желдеткіштер кез келген температурада тиімді жұмыс істейді. Ал ылғалдылық жоғары болса, олар +38°C-тан аспайтын температурада ғана көмектесе алады. Желдеткіш туындатуы мүмкін ең үлкен қолайсыздықтар – шырышты қабықтар мен терінің құрғауы, аллергия немесе демікпе белгілерінің күшеюі. Бірақ бұл тек ұйқы кезінде емес, желдеткіш қосулы кезде ояу жүргенде де болуы мүмкін. Ал мұндай қолайсыздықтардан бөлмені жиі тазалап, ылғалдылықты дұрыс деңгейде ұстап тұру арқылы оңай арылуға болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget