Алматы облысында заманауи футбол академиясының құрылысы басталды. Алматы халықаралық әуежайы мен Қазақстан футбол федерациясы бірлесіп ашатын орталықта болашақ футбол жұлдыздарының білім алуы мен кәсіби дамуы үшін балық жағдай жасалады, — дейді жауаптылар. Академияның жалпы аумағы 5 500 шаршы метрден асады. Ғимарат спорттық, әкімшілік-тұрмыстық және жатақхана сияқты негізгі үш бөліктен тұрады. Спорттық блокта жабық футболға арналған жаттығу залы, жалпы дене дайындығы залы, қалпына келу бассейндері, киім ауыстыратын және қызметтік бөлмелер қарастырылған. Әкімшілік-тұрмыстық блокта жаттықтырушылардың бөлмелері, медициналық және оңалту бөлмелері, конференц-зал, асхана және техникалық бөлмелер болады. Төрт қабатты жатақханада академия оқушыларына арналған бөлмелер, демалыс және өз бетінше дайындалу аймақтарымен жабдықталады.

Марат Омаров, Қазақстан футбол федерациясының президенті:

Жаңа кешен 150 балаға шақталған. Біз дарынды жеткіншектерді 12 жастан бастап іріктейміз. Болашақта олар Қазақстан құрамасының негізгі тірегіне айналуы тиіс. Академия заманауи талаптарға сай болады. Ал жаттықтырушылар – кәсіби мамандар. Қазірдің өзінде 15-16 жастағы 25 жасөспірім осында тұрып, FIFA бағдарламасы бойынша білім алып, жаттығып жүр.

Қуан Нұрақын