11 мыңнан астам демалыс орталығы жұмыс істейді.
Биыл жазда 3 млн 200 мың бала демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биылғы жазда 11 135 демалыс орталығы жұмыс істеп, 3 млн 200 мың бала демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылатын болады. Соның ішінде: 44 мыңнан астам бала – жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта; 168 мың бала – 187 маусымдық орталықтарда, 2 млн 990 мың бала – 10 928 мектеп және мектептен тыс ұйымдар жанындағы демалыс орталықтарында демалады. Қамту көрсеткіші Павлодар, Қызылорда, Абай, Ақтөбе облыстарында, Астана, Алматы қалаларында жоғары", – деді ведомство басшысы.
Республикалық "Балдәурен", "Бөбек" орталықтарында халықаралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 5 мың бала сауықтыру және дамыту шараларына қатысады. Ал өңірлерде осындай қолдау 370 мың дарынды балаға ұйымдастырылады.
"Сонымен бірге әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала, ерекше білім беруді қажет ететін 52 700 бала, педагогикалық назарды қажет ететін 17 100 бала демалыспен қамтылады", – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кету керек, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерге жасанды интеллектіні енгізу бағытында қандай жұмыстар қолға алынатынын айтқанын жазғанбыз. Биыл 215 мың түлек мектеппен қоштасса, 13 мыңнан астам оқушы "Алтын белгіге" үміткер.