Жиын Астана әкімінің орынбасары Есет Байкеннің төрағалығымен өтті.
Астана әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында жазғы каникул кезеңінде балалардың қауіпсіздігі, қайғылы жағдайлардың алдын алу және мектеп оқушыларының демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жазғы каникул қарсаңында елордада балалардың мектептер мен аулалардағы, сондай-ақ демалыс кезіндегі және су айдындары маңындағы қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша 2025 жылы Астана су айдындарындағы қауіпсіздік жүйесі күшейтілді, енді бейнебақылау камералары ресми де, рұқсат етілмеген жағажайларға да орнатылды.
Бүгінгі таңда жабдықтарды орнату жұмысы аяқталып, камералар бірыңғай видеомониторинг платформасына қосылады.
Нәтижесінде, ресми және рұқсат етілмеген жағажайларды қоса алғанда, қаланың 42 нысаны 175 бейнебақылау камерасымен қамтылды.
Негізгі бағыттардың бірі – білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесін күшейту. Астана қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандықтың айтуынша, 2025 жылы қаланың 122 мектебінде 1940 бейнебақылау камерасы орнатылып, 834 камераға видеосараптама жүйесі енгізілген.
Жобаның екінші кезеңінде биыл тағы 1940 камера мен 100 дабыл түймесін орнату, сондай-ақ 1668 камераға видеосараптама енгізу жоспарланып отыр. 2027 жылы мектептерде қосымша тағы 100 дабыл түймесі орнатылып, видеосараптама жүйесі 2500 камераны қамтиды.
Осылайша, жобаны іске асыру қорытындысы бойынша елорданың мемлекеттік мектептерінде Астана қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына (ЖБО) жалғанған 5820 жаңа және 6960 қолданыстағы бейнебақылау камерасы жұмыс істейтін болады.
Отырыстың тағы бір бөлігі жаз мезгілінде балалардың жарақат алып қалу мәселесіне арналды. Елордалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Данияр Тәжібаевтың хабарлауынша, жыл басынан бері "112" пультіне балалардың терезеден құлауы туралы алты хабарлама түскен. Спикердің айтуынша, бұған басты себеп – балалардың ата-ана назарынан тыс қалуы.
Жаз мезгілінде балалардың судағы қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылады. ТЖД мәліметінше, қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – арнайы жабдықталмаған орындарда шомылу және үлкендердің назарынан тыс қалуы.
Отырыста кәмелетке толмағандарға психологиялық қолдау көрсету мәселелері де талқыланды. Әкімдіктің Психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Гүлмира Қапанова мен Қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Елена Полиенко жасөспірімдердің дағдарыстық жағдайларының алдын алуға және оларға уақытылы психологиялық көмек көрсетуге бағытталған "Жасыл дәліз" жобасының енгізілуі туралы айтып берді.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесін қарастырды. Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаеваның ақпараты бойынша, елордада ведомствоаралық штаб құрылып, ол мектеп жанындағы лагерьлердің дайындығын тексеруді бастап кеткен.
Биыл жазғы демалысқа және бос уақытын тиімді өткізу үшін мектеп оқушыларының 98 пайызын, яғни 1-10 сынып аралығындағы 242 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарланып отыр. Олардың ішінде әлеуметтік осал санаттағы 11 мыңға жуық бала бар.
Отырысты қорытындылай келе, Есет Байкен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әсіресе жазғы каникул кезеңінде құқығын қорғау Қазақстанның мемлекеттік саясатының бұлжымас басымдығы болып қала беретінін атап өтті.