Ішкі істер министрлігі азаматтарды жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.


Ұстаздарды да демалыс кезінде отбасылармен байланыста болуға, қиын жағдайдағы балаларға назар аударуға үндеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Елімізде 18-25 мамыр аралығында жазғы демалыс қарсаңында ел аумағында балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға және жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған "Абайлаңыз – балалар!" республикалық акциясы өтті.

Аталған акцияға екі мыңнан астам ұйым мен мекеме, оның ішінде 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым жұмылдырылды. Балаларды тасымалдау қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.

"Көліктік бақылау органдарымен бірлесіп, үш мыңнан астам мектеп автобусы тексерілді. Тексеру нәтижесінде 400-ге жуық техникалық ақауы бар көлік құралы анықталып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 200-ден астам нұсқама берілді. Сондай-ақ жас жол инспекторларымен бірлесіп, жолда жүру қағидаларын насихаттауға бағытталған мыңға жуық профилактикалық және үгіт-насихат іс-шаралары өткізілді. Полиция ата-аналарды, жүргізушілерді және барлық жол жүрісіне қатысушыларды жазғы демалыс кезеңінде барынша мұқият болуға шақырады. Балалардың қауіпсіздігі – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Балаларды қорғап, жолда жүру қағидаларын сақтайық!" – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.