Кейінгі жылдары әлемде орнықты қор­ғаныс, гибрид соғыс, пилотсыз ұшу аппараты (дрон), т.б. жиі айтылып, заманауи қауіп­сіздік талданып-таразыланып жатқаны бекер емес. Сондай-ақ «соғыстан қашқандар», «киберқару лаңы», «ғарыш майданы», т.б. үрдіс те бүгіннің ақиқатына айналды. Әлем­дік аяда бейбітшілікке кепіл халықаралық инс­титуттар, дипломатия тығырыққа тіреліп, бір-біріне қару кезенген, соғыс ашқан мемлекет көбейді. Кезінде дүниені қос лагерьге бөлген саяси қырғиқабақтық енді, көрші өзбек ағайынша сипаттасақ, тура «суық ұрысқа» ұласқандай...


Осындай бейдауа шақта біздің «Отан қорғау» ұғымымыз, «Егемен еліміз бен байтақ жерімізге көзі­міздің қа­ра­шығындай сақ болайық!» деген ұраны­­мыз қаншалықты қадірленіп, жүзеге асып жатыр? Біріншіден, мемлекетіміз жаңарып, әді­леттікке бой түзеумен бірге күштік құрылым­дарымыз қайта түледі. Қаңтар оқиғасынан кейін кәсіби жауапкершілік пен қоғам сыны оларды бір сілкіп алғаны рас. Екіншіден, халық та осы салалардың беделін түсіру, жадағай қаралау түптің-түбінде елдің қорғаныс қабілетін әлсіретіп, жамандыққа апарып соғатынын түсінді. Үшіншіден, әлем айнасы мен тәжірибесі көрсеткендей, қоғам қандай – күштік құрылымдар да сондай. Түрлі кесапат (антты аяққа таптау, әлімжеттік, сыбайлас жемқорлық, т.б.) бұл салаға айдаладан емес, өз қоғамымыздан барды.

Бүгінгі 18–35 жас аралығындағы буынға «Айтқан жерден аулақ, жау төтеннен ел шетіне тисе, Отанды қорғауға даярсың ба?» деп сұрақ қойылса, неше пайызы бұған «Иә!» деп жауап беретіні – ата-ана, бауыр ретінде бәрімізге сын. Мысалы, кейінгі уақытта әскери міндеттіліктен (әскерге барудан) бой тасалаған жігітті ауылдан да, қаладан да жиі кезіктіреміз. Әлеуметтік желідегі қайбір видеода әскери комиссариат мамандары 18–20 жастағыларды ауыл айналдыра қуып жүреді... Неге біреуі қашады, біреуі қуады? Қашқанның ата-анасы, өзі – әскер туралы неше түрлі негативті оқыған әсіре секемшіл. Қуған маман «қызметімді орындап отырмын» деп есептейді, бірақ әскери борышкерге, оның ата-анасына мәселені түсіндіре алмай әуре. Жалпы, осы жөнінде қоғам мен мемлекет арасындағы келісім қалай жүруі керек? Алысқа бармай-ақ қояйық, кешегі кеңес заманында әскерге бармау аса ұят саналып, болашақ жауынгерді шығарып салу мен күтіп алу адами қуаныш еді. Ағайын Түркия елінде ата-ана үшін ең абыройлы салтанат – баласын әскер қатарына шығарып салу.

Түрік ағайын «балам ел қорғайтын белеске жетті!» деп, көрші-көлемге жар салып, перзентіне «Отан үшін құрбан болсаң, арманың жоқ!» дейді. Бұл күн «Askere uğurlama» аталып, айнала тума-туыс көше бойы «Ең мықты әскер – біздің әскер!» ұранымен шығарып салады. Салтанатты көрген балдырған, мектеп оқушысы сарбаз болуға асығары сөзсіз. Елінің туы мен анасының аманаты мойнында, ойында тұрған жігіт осы күнді, жауапкершілікті ұмыта ма? Ендеше, әскер шарасында қарапайым да шынайы адами сәттер маңызды!

Кеңес тұсында еліміздің көп өңірінде ата-ана баласын әскерге аттандырарда да, күтіп алғанда да ауыл ақсақалдарын, үлкен-кішіні шақырып, құдайы өткізетін. Бата берілетін. Ойлана қарасақ, бұл – ежелгі дәстүрдің жаңғырығы екен...

Біз – екі жыл әскерде болып, 80-жылдардан бері осы тақырыпта аз-кем мақала жазып жүргендер қатарынанбыз. Сардар таныстар да жеткілікті. Рас, әскер – өмір мектебі. Сондықтан еліміз тәуелсіздік алғанда, бұл мектеп азаттық мұратын ілгерілетеді деп үміттендік. Мәселен, ауыл­дан шыққан аға буын орысшасын кеңес әскері сапында жетілдірді. Аптасына кемі екі мәрте өтетін саяси сабақ, одақтық бас басылымдар мен әскери газет-журналдар, шағын кітапхана жауынгердің өресін кеңейтті... Егемендік тұсында бұл үрдіс жаңа мазмұнда өрбіп, тілге шорқақ сарбаздар екі жылда (кейін бір жыл) қазақшасын түзетсе деп армандадық. Дегенмен әлі де осы 12 ай ішінде елдік дәстүрді, ұлт қаһармандары тәлімін меңгертуге мүмкіндік мол. Қасаң мұрадан бас тартып, мемлекетшіл, ойлы офицерлер буынын алға шығару – борышымыз.

Таяудағы рефендумда біз ел болып жұмы­лып, жаңа Конституцияны қабылдадық. Бас құжатымыздың 3-бабында мемлекетіміздің негіз құраушы қағидаттары қатарында бірінші кезекте «Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау» жазылған. 39-бапта әрбір азамат үшін қай кезде де Отанды қорғау – қасиетті парыз бен міндет екені көрсетілген. Ал сарбаз бен сардарға бұл – антқа адалдықтың өлшемі. Бүгінгі ел қорғандары, Ата заңда жазыл­ған­дай, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихы сабақ­тастығын, ел мен жер тұтастығын жете түсі­нетіндер, мәдениет пен білімді, ғылым мен инновацияны меңгергендер болуы шарт. Әскерилерді айқындайтын сапа – батыл­дық, табандылық, жауапкершілік және қасие­тіне кір шалдырмау. Сын сағаттағы ерлік – Отанға адалдығы. Жауынгер елдік дәстүр мен құндылықтан нәр алады. Бағзыда әскерилердің қалтқысыз қызметі ел қазынасына құйылатын салықпен теңестірілген. Осы дәйектер қоғамды ойлантса игі.

Алаш зиялылары «тілегі бір» деп бағалаған әскер – ер-азаматты жан-жақты жетілдіруге қауқарлы мемлекетшіл тетік екені айдан анық.