Ер адам дер кезінде екпе алмай, дертті асқындырып алған.
Қайғылы жағдай Шу ауданы аумағында тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір өңірде кене шаққан 300-ге жуық адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Мамандар олардың қанынан қауіпті қызба белгілері анықталмағанын айтады. Дегенмен аурудың табиғи ошағы бар аймақта геморрагиялық безгектің таралу қаупі жоғары болып отыр.
Облыста маусым басталғалы малшылар кененің көбейгеніне шағымдануда.
Дәрігерлердің мәліметінше, табиғат аясында демалған жүздеген адамды кене шаққан. Олардың басым бөлігі инфекциялық ауру жұқтырмаған.
Мамандар иксод кенесі шаққаннан кейін инкубациялық кезең 14 күнге дейін созылуы мүмкін екенін ескертеді. Аурудың алғашқы белгілері тұмау немесе ЖРВИ-ге ұқсайды – адамның қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлайды.
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы вакцина жоқ. Сондықтан ауруды дер кезінде анықтап, емді уақытында бастау өте маңызды, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нелли Муликова.
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары қауіпті індеттің алдын алу үшін табиғи ошақтардан 2700-ден астам кене жиналып, зертханаға жіберілгенін хабарлады. Нәтижесінде 151 кенеден геморрагиялық безгек қоздырғышы анықталған.
Қазір өңірдегі 42 елді мекенде залалсыздандыру және өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.Қайғылы жағдайдан кейін аталған аумақтардан қайта сынама алынып, зертханалық тексеру жүргізіліп жатыр.