Шымкентте африкалық 25 жастағы жігіт әскери борышын өтеп жүр. Туған жері алыста болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын сарбаз елге қызмет етуді үлкен мәртебе санайды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Карл – Ұлттық ұлан сапында ел тыныштығын күзеткен жас сарбаздардың бірі. Ол Африка құрлығындағы Буркина-Фасо мемлекетінде дүние келген. 25 жастағы жігіт ата-анасымен Алматы қаласында тұрады.

"Менің анам – қазақ. Балалық шағым Алматыда өтті. Достарым да қазақтар болды. Сондықтан Қазақстан – менің Отаным. Осы елге қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе", — деді Қатардағы жауынгер Карл Уэдраого.

Әскери өмірдің қатал тәртібі мен темірдей талабына әркім төтеп бере бермейді. Бірақ Карл бұл жолды Отанға деген адал сезімімен, саналы түрде таңдапты.

"Мен — Қазақстан Республикасының азаматымын. Отан алдындағы борышты өтеу – менің парызым. Мен осы елдің қорғаны болуға ант бердім. Енді мен Отанымды қорғауға дайынмын", – деді Қатардағы жауынгер Карл Уэдраого.

Әскери бөлім ішінде Карлдың тәртіпке деген беріктігі мен жауапкершілігі бірден байқалады. Қызметіне деген адалдығы мен шынайы ықыласы оны тек қатарластарының арасында емес, бүкіл бөлім ішінде сыйлы жанға айналдырған.

"Қатардағы Уэдраого мамандығы бойынша жүргізуші қызметін атқарып отыр. Көлік құралын өте жоғары деңгейде біледі. Басқа елде туылса да, ҚР-ның жол ережелерін өте жақсы деген бағаға біледі", – деді 6506 әскери бөлім командирінің орынбасары Идрис Чаушев.

Бүгінде 6506 әскери бөлімінде 500-ге жуық сарбаз ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр. Олар үшін қару – жауапкершілік, ал қызмет – қасиетті борыш. Жүрегі ел деп соққан жауынгерлер барда бейбіт өмірдің берік іргесі қаланары сөзсіз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget