«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2026 жылдың мамыр айындағы мерекелік күндерге арналған жұмыс кестесін жариялады. Елорда мен өңірлердегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) жұмыс уақытында өзгерістер болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мереке күндеріне байланысты мемлекеттік қызмет алуды жоспарлаған азаматтар келесі кестені ескеруі қажет:
1, 7 және 9 мамыр – еліміздегі барлық ХҚКО-лар мен Мамандандырылған ХҚКО-лар, соның ішінде кезекші орталықтар үшін де демалыс күні. Бұл күндері орталықтар қызмет көрсетпейді.
2 және 11 мамыр күндері тек қана кезекші орталықтар жұмыс істейді. Олардың жұмыс уақыты шектеулі:
-
Жалпы ХҚКО-лар 9:00-ден 13:00-ге дейін;
-
Мамандандырылған ХҚКО-лар: Өтініштерді қабылдау сағат 12:00-ге дейін жүргізіледі, ал дайын құжаттарды сағат 13:00-ге дейін алып кетуге болады.
Еске сала кетейік, кезекші ХҚКО-лар әдеттегідей сенбі күндері де (мереке күндерінен бөлек) сағат 13:00-ге дейін жұмыс істейді. Қалған күндері барлық орталықтар стандартты жұмыс кестесіне (9:00-ден 18:00-ге дейін) көшеді.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін мемлекеттік қызметтердің көпшілігін eGov.kz порталы, eGov Mobile қосымшасы немесе @kenes1414bot Telegram-боты арқылы онлайн алуға болатынын ескертеміз.