Мәселеге жергілікті билік пен прокурорлар араласты.


Осы жылдың сәуір айында Павлодар қаласындағы әуежай жұмысы уақытша тоқтаған болатын. Мұнда ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бұл ұшу сертификатын ұзарту үшін керек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгінде әуежай мемлекеттің иелігінде болғандықтан, оны жаңғырту жұмыстарына қомақты қаржы қазынадан қарастырылып жатыр. Былтыр мердігермен 16,4 млрд теңгеге келісімшарт жасалған-ды. Бірақ бұл қаражат тиісті жұмыстарды атқаруға жетпей қалды. Былтыр бөлінген сомаға жоспарлы істің тек 44%-ы орындалды. Қалғанын жалғастыру үшін тағы 9,3 млрд теңге керек болды. Сондықтан шаруаның бәрі тұралап қалды. Қажетті көлемдегі қаржы тек қазан айында табылды.

Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл сома арнайы қордан бөлініп, шотқа түсті. Сөйтіп, жұмыстар жалғасатын болды. Қайта жаңарту жобасы ұшу-қону жолағын 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтуді, қозғалыс жолы мен әуежай перронын қалпына келтіруді, заманауи жарықтандыру, бейнебақылау және дренаж жүйелерін орнатуды қамтиды. Жұмыстар әуеайлақтың сәйкестік сертификатын сақтау қажеттілігіне байланысты орындалуда. Бас мердігер — "Kyrylys Group RK" ЖШС. Жобаның жалпы құны 16,4 млрд теңгені құрайды.

Бөлінген қаражаттың есебінен жобаны іске асыру қарқынын арттырып, 2026 жылдың шілде айында толық аяқтау жоспарлануда.

"Жаңартылған ұшу-қону жолағы ұшу қауіпсіздігін арттыруға, әртүрлі санаттағы әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру инвестиция тартуға және әуе рейстерінің бағытын ұлғайтуға жағдай жасайды. Бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтудың маңызды кезеңі болады", – деген еді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Алайда мұндай ауқымды іс атқарылып жатқан әуежайдың қызметкерлері бір айдан астам уақыт бойы жалақы ала алмай қиналды. Амалы таусылған қызметкерлер "Қараша айының айлығы қашан болады?" деген сауалын әлеуметтік желілер арқылы қалдырып, несие төлеп, бала-шағасының шығындарын жабуда проблемалар туындай бастағанын мәлімдеді.

Абырой болғанда бұл іске еңбек департаменті мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы араласып, мәселе оң шешімін тапты. Күні кеше "Павлодар әуежайы" АҚ-ның 161 қызметкері жалпы сомасы 26,1 млн теңге болатын жалақысын алды. Ал Павлодар көлік прокурорының қаулысымен уақытылы айлық төлемеген компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды.