Журналист, блогер брифингтен соң Ғабит Сыздықбековке сұрақ қойғысы келген БАҚ өкілдеріне де кедергі келтірген.


Ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиынның сұрақ-жауап бөлімінде әкімді мақтай жөнелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Күні кеше Шымкент басшысы баспасөз конференциясында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп, атқарылған жұмыстар туралы тарқатқан болатын.

Бақытжан Көпбаев көпшіліктің ойында "әкім басқа жаққа ауысып кетпей ме?" деген қорқынышы бар екенін жасырмады.

– Шымкентіміз сіз келгенге дейін үлкен ауыл сияқты дамып бара жатты. Мегаполис дегенге ұялатын едік. Қазір қала дамыған, шетелдегі мегаполистер сияқты өзгеріс барына қатты қуанып жатырмыз. Тұрғындар "қаламызды сондай көркейтіп, еңбек сіңірген әкіміміз ертең басқа жаққа кетіп қалып, біз жетімсіреп қалмаймыз ба?" деп қорқады, – деді блогер.

Ғабит Сыздықбеков мұны тек Президент шешетінін айтып, қаланың дамуына басқа да әкімдердің еңбегі сіңгенін жеткізді.

– Маған дейінгі әріптестерім де барын салып қызмет еткен. Әрине, оларға бағаны халық береді. Қаншалықты жұмыс істеп-істемейтінімізді Президентіміз шешеді. Қанша болсам, сонша еңбек ете береміз, – деді әкім.

"Аллаға және Президентке рақмет, сізді бізге әкім қылып сайлаған" деп жауап қатты журналист бұған.

Брифингтен соң Көпбаевтың өзге журналистерге кедергі келтіріп, "Сіздерге мен сұхбат берейін" дегені әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.