Сондай-ақ кандидаттарды ұсыну процесі ретке келтірілді.


Парламент палаталарының бірлескен отырысында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құжаттың негізгі ережелеріне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әкімді сайлау кезінде қайта дауыс беру мәселелері регламенттелуде. Әкім лауазымына кандидаттардың жинаған дауыстары тең болған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясы бір айдың ішінде қайта дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ кандидаттарды ұсыну процесі ретке келтірілді. Мәселен, бір тұлға бір мезгілде мәслихат депутаттығына және әкімге кандидат бола алмайды, сондай-ақ бірнеше сайлау округтері бойынша да әкімдікке кандидат болуға тыйым салынады", – деді вице-премьер.

Айтуынша, ақпараттық алаңдарда сайлау алдындағы үгіт-насихат мәселелеріне ерекше назар аударылды. "Онлайн-платформаларды" пайдалану кезінде кандидаттарға үгіт материалдарын орналастыру үшін тең жағдайлар қамтамасыз етілді. Егер кандидат белгілі бір саяси партиядан ұсынылса, ол сол партияның ресми интернет-ресурстарын және әлеуметтік желідегі аккаунттарын қосымша келісім шартсыз пайдалана алады. Яғни, кандидат партиялық платформаларда үгіт-насихат материалдарын жариялай алады, деп атап өтті спикер.

"Кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорларынан тыс қаржыландыру тартуға тыйым салынды. Сенімді тұлғалар институтына қатысты мәселелер реттеледі. Енді 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы ғана сенімді тұлға бола алады. Сондай-ақ, ол Президенттікке, депутаттыққа және әкімдікке кандидат немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі бола алмайды", – деп атап өтті Серік Жұманғарин.