Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Тәуелсіздік күні және Желтоқсан оқиғасының 39 жылдығы қарсаңында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтармен кездесті. Әкім Алматының қоғамдық өміріне белсене үлес қосып жүрген желтоқсаншылардың патриоттық ұстанымын, азаматтық позициясын және ұлттық құндылықтарға беріктігін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Кездесу барысында қатысушыларды толғандырған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер көтеріліп, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды. Сонымен қатар, Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына орай қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, кешенді еске алу іс-шараларының жоспары әзірленетін болады. Әсіресе ұлттық рухты нығайтуға және жастарды тәрбиелеуге бағытталған танымдық әрі патриоттық бастамаларға басымдық беріледі.
Кездесу соңында Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдап жүргені және азаматтық қоғамды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін желтоқсаншыларға алғыс білдірді. Әкім атап өткендей, қала әкімдігі, Мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйымдар жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыру және қаланы дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады.
Тәуелсіздік күніне орай Республика алаңындағы «Тәуелсіздік» монументіне және Желтоқсан көшесіндегі «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл қою рәсімі өтеді.
АЛМАТЫ