Қазақстанда бизнес тоқсаныншы жылдардағыдай тоқырауға ұшырауы мүмкін.


Мемлекет ХХІ ғасырдың басынан бері шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен көңіл бөлді, аналық мейірім, әкелік қамқорлық көрсетті. Бұл өз жемісін берді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында "көлеңкелі" экономика қысқарды, Үкіметтен жасырын табыс табатындар кәсібін заңдастырды, өзін ғана жұмыспен қамтымай, өзгелер үшін жаңа жұмыс орындарын ашты.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2005 жылы Қазақстанда небары 394 672 жеке кәсіпкер болыпты. Ал, 2025 жылғы қараша айында олардың саны 1 млн 900 мыңнан асты.

Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерліктің елдің ЖІӨ-сіндегі үлесі 2005 жылғы 10,5%-дан 2024 жылы 38,9%-ға дейін шығандай өсті.

Бірақ сарапшылардың байламынша, жаңа Салық кодексі аясындағы өзгерістер, соның ішінде B2B қатынастары аясында шегерімді жою шағын және орта кәсіпкерліктің "омыртқасын" опырғалы тұр. Осы өзгерістің салдарынан көптеген жеке кәсіпкерлік (ИП) жабылып қалып, "көлеңкелі" экономика үлесі қайтадан қарқынды ұлғая бастауы мүмкін.

Бизнес қауымдастықтардан бастап, бизнес-омбусменге дейін Үкіметтен және Парламенттен B2B-контрактілерді жоғалтпай-ақ компаниялармен бұрынғыша жұмысын жалғастыруға жеке кәсіпкерлерге мүмкіндік беруді сұрап жатыр. Шенділер илігер емес.

Осы орайда үміт оты қайта тұтанғандай болды: өткен аптада Президент Қ.Тоқаев жыл соңына дейін жаңа Салық кодексінің кәсіпкерлердің қарсылығын туғызған кесірлі тыйым-шектеулерін қайта қарауды, сол арқылы шағын бизнестің – жеке кәсіпкерлердің жұмыс істеу қабілетін сақтап қалуға жол ашар ымыраны табуды жүктеді.

Алайда жыл түгесілгенше небары үш аптадай мерзім қалды. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындауға шенеуніктер асығар емес. Көптеген дара кәсіпкерлер серіктес компаниялардан 2026 жылдан бастап ынтымақтастықты доғаратыны туралы хат алуда. Өйткені ЖШС-лар жеке кәсіпкерлердің тауарын, қызметін немесе жұмысын сатып алса, ол шығысын шегерімге жатқыза алмайды, мемлекетке қосымша алым-салық төлеп, шектен тыс шығындалады.

Мысалы, құрылыс компаниялары тұрғын үй кешендерінің каркас-қаңқасын қалқитып өз бетінше салғанымен, өзге материалдар мен жұмыстарды жеке кәсіпкерлерден сатып алады: осы нысандағы субъектілер ЖК-ға терезелер әкеліп салады, жылу жүйесін, су құбырларын жеткізіп, төсейді, электр сымдарын, розеткаларын орнатып, желілерін тартады, әрлеу және басқа жұмыстарды атқарады.

Үкіметтің B2B-контрактілерге қатысты шектеуі осы қызметтердің бәрін қымбаттатады, құрылыс компаниясы қосымша шығындарын шаршы метрге қоса салады. Демек, Қазақстанда алдағы жылдары баспана бұқара үшін қолжетімсіз болып қалады.

Жаңа жылдан бастап, 2 миллиондай жеке кәсіпкерге қатысты жаңа шектеу әрбір салаға кері әсер еткелі тұр. Осы орайда белгілі жаттықтырушы, спорттық блогер Павел Тенцер B2B шегеріміне тыйымның қандай теріс салдарларға соқтыратынын түсіндіріп берді.

Оның тұжырымдауынша, B2B (бизнестен бизнеске) бағытынсыз қалса, жеке кәсіпкерлер негізгі табысынан айрылып, жабылудан басқа амалы қалмайды, немесе заңсыз, көлеңкелі қызмет көрсетуге көшеді. Яғни, бақыланбайтын экономика қайтадан өркен жаяды.

Тенцер өз қызметінің түрлі құрауыш бөліктерден тұратынын, олардан түсетін табысының жартысы компаниялармен серіктестіктен қалыптасатынын жеткізді. B2B келісімшарттарын жоғалту оның бизнесін автоматты түрде банкроттық жағдайға жеткізеді.

"Жаңа Салық кодексі аясындағы алдағы осы өзгеріс қабырғама қатты батып, көңілімді құлазытып жүр. Менің қызметін саламатты өмір салтымен тығыз байланысты: жүгіру спорты бойынша 3 қызметпен айналысамын. Бұлар – жаттықтырушылық жасаймын, спорттық жүгіріс іс-шараларын ұйымдастырамын және жүгіру туралы подкаст жүргіземін. Спортты насихаттаймын, онымды құптайтын компаниялар менің жобаларыма қолдау көрсетеді. Кәсіпкер ретінде мен үшін B2B – өмірлік маңызды. Мысалы, "Халық Сақтандыру" менімен B2B келісімшарт аясында серіктесіп, осы арқылы да спортты ілгерілетеді", – деді Павел Тенцер Digital Business-ке сұхбатында.

Оның мәліметінше, жаңа жылдан бастап, B2B шектеуі кесірінен жеке кәсіпкерлер көрсететін қызметтер, сататын тауарлар кем дегенде 20%-ға қымбаттайды.

"Мысалы, менің жағдайымда марафонды ұйымдастырушылардың шығыстары автоматты түрде артады. Өйткені мердігерлерім бағаларын көтереді, оған ҚҚС қосылады. 2026 жылдан бастап, B2B қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлерді 16% қосылған құн салығын, 20% корпоративтік табыс салығын төлеуге мәжбүрлеп көшіргелі жатыр. Республикалық деңгейдегі спорттық іс-шараларды ұйымдастыру кезінде өзге дара кәсіпкерлерден, фотографтардан, дизайнерлерден, басқасынан қызметін сатып аламын. Олар жеңілдетілген салық режимінде ("упрощенка") отыр. Мен олар үшін салық төлеуге мәжбүр боламын, немесе өздеріне төлеттіремін, онда олар қызметінің құнын салық сомасына дейін қымбаттатады", – деді сарапшы.

Павелдің мәліметінше, осы желтоқсан айы бойы компаниялар арнайы салық режимінде отырған жеке кәсіпкерлерді, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды олармен арадағы келісімшарттарын бұзатыны туралы құлағдар етіп шығады. Алды басталып та кетті. Себебі, компаниялар олардың өнімі мен қызметіне жұмсаған шығынын бұрынғыдай шегерімге жатқызып, қаржылық жүктемесін жеңілдете алмайды.

Тенцер әріптестерінің осындай ескертпе хаттар алғанын хабарлады. Енді өзіне де келе ме деп үреймен күтіп отыр. Компаниялар "ультиматум" талап қойып жатыр: не жеңілдетілген "арнаулы салық режимінен" (АСР) кетіп, "жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне" көшесің (ол жағдайда дара кәсіпкерге ҚҚС, КТС, ЖТС сияқты қаптаған салықты төлеуге, жеке бухгалтер жалдауға тура келеді), немесе сенімен ынтымақтастық доғарылады дейді.

Екі жағдайда да "Би ту Би" контрактідегі кәсіпкерлерге жабылудан басқа амал қалмайды. Нарықта негізінен B2C, яғни, халыққа ғана қызмет көрсетіп, тауар сататын жеке кәсіпкерлер қыбыр-қыбыр тірлік қылады.

Осылайша, сарапшылардың пікірінше, егер Үкімет кесірлі ұстанымын өзгертпесе, тәуелсіз Қазақстанның еңсесін тіктеткен, іргесін бекемдеген, экономикасын өрлеткен жемісті тәсіл – B2B серіктестігі түпкілікті күйрегелі тұр. Бұл тәсілде ірі және орта компаниялар шағын және ұсақ бизнесті қамқорлығына алып, дамуына демеу болушы еді.

Жаттықтырушы жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне көшсе, бұған дейін ашық-айқын жүргізген барлық төлеміне, бапкерлік есеп-қисабына және жұмысына үлкен қатер төнетінін мәлім етті.

"Мен сияқты миллиондаған дара кәсіпкер бұл дағдарыстан шығу үшін не істейді? Жалпы режимге көшсем, салықтық жүктемені азайту үшін жаттықтыруым үшін ақыны қолма-қол ақшамен жасырын алуға тура келеді. Немесе кәсіпкер емес, жеке тұлға ретінде банктік аударма жасай салуды сұраймын. Бұл әрине, заңсыз, бірақ табысымды қалпымен салық жеп қоймау үшін амалсыз соған бармаймын ба?", – деді Павел Тенцер.

Үкіметтің мемлекеттік қолдауы негізінен ірі кәсіпорындарға арналған. Ұсақ және шағын кәсіпкерлерге қолдау алу өте қиын. Бұған дейін дара кәсіпкерлік салықтық жеңілдіктер арқасында аман қалып, ілгері басып келді. Жаңа өзгеріс оларды сол азғантай игіліктен айырып отыр.

Жеке кәсіпкерлерді қапаландыратыны сол, бір қолымен жеке кәсіпкерлерді осылай қан-қақсатқан шенеуніктер екінші қолымен алпауыттарға астатөк салықтық жеңілдіктер сыйлап жатыр. Мысалы, әлемдегі бағасы еселеп артқан алтынды өндіріп, құймаға дейін өңдеушілер мол преференцияларға кенелді.

"Жаңа Салық кодексі қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу келісімдері аясында бірқатар жеңілдіктерді көздейді: олар енді корпоративтік табыс салығын (КТС), жер салығын төлеуден 10 жылға және мүлік салығын төлеуден 8 жылға босатылады. Тізім бойынша әкелінетін жабдығы импортқа ҚҚС-тан және кедендік баждардан босатылды. Бұл жеңілдіктер жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық және келісімшарттан тыс қызметі шеңберінде тау-кен байыту фабрикасы мен металлургия зауытының құрылысын ынталандыруға бағытталған", – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

Яғни, жаңа жылдан бастап, ірі салық төлеушілер салық төлеуден 10 жылға босатылады, ал, кез келген экономиканың ұстыны саналатын шағын бизнеске өзіне тән емес КТС, ҚҚС секілді салықтарды қоса төлеуге мәжбүрлейді.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлерге арналған, үйреншікті болған жеңілдетілген салық режимі жаңа арнаулы салық режимімен ауыстырылады. Осы жеңілдікті салық режиміне уақытылы көшіп алмаған барлық дара кәсіпкерді салықшылар автоматты түрде жалпы режимге көшіріп тастайды, онда салықтық жүктеме еселеп артады.

Салық сарапшысы Айдар Масатбаевтың түсіндіруінше, алдағы өзгерістер классикалық үлгідегі жеңілдетілген салық жүйесіне де, патенттерге де әсер етеді.

"Классикалық "упрощенка" енді "оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режиміне" өзгертіледі. Ал, патентпен істеп келгендер өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде қайта тіркеледі немесе бөлшек сауданың жаңа режиміне кетуге тура келеді. Соңғысында – 4–8% аралығында салық бекітіледі. Дегенмен, егер жалпы режимдегі қандай да бір компания олардан қызметтерін сатып алса, мұндай шығындарын салықтық шегерімге жатқыза алмайды", – деп ескертті салық сарапшысы.

Тиісінше, компаниялар бұл режимдегілерге де жуымай, алыстан орағыта өтетін болады. Сарапшы жаңа режимді қолдану үшін кәсіпкердің не өзін-өзі жұмыспен қамтушының жылдық табысы 600 000 АЕК-тен аспауға тиістігін ескертті. Сондай-ақ кеңесшілер, нотариустар сияқты жекелеген қызмет түрлері осы режимде рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімінен алынып тасталады.

"Егер оңайлатылған декларация режимде қалғысы келсе, барлығы, тіпті жеңілдетілген салық жүйесі бойынша жұмыс істегендер де 2026 жылғы 1 наурызға дейін жаңа режимге көшу туралы өтініш беріп үлгеруі керек. Әйтпесе, 2026 жылдың 1 наурызынан кейін олардың барлығы шеттетіледі, дәлірек айтқанда, жалпы салық жүйесіне мәжбүрлі түрде ауыстырылады. Ол жақта салық ауыртпалығы әлдеқайда жоғары болады", – деді Масатбаев.

Көшіп үлгергендер негізінен халыққа ғана қызмет көрсете алатын болады.