2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде салық салудың жаңа режімдері қолданысқа енгізіледі. Олар бұрынғыдан әлдеқайда қарапайым, икемді әрі түсінікті болмақ, деп жазады Egemen.kz.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов мәлімдеді.

Басты жаңалықтардың бірі – тексерулер мен берешекті өндіріп алу ісінде қатаң шаралардан бас тарту. Енді шағын көлемдегі салық қарызы үшін кәсіпкерлердің есепшоттары автоматты түрде бұғатталмайды. Оның орнына ескерту жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп, бизнес иелеріне қателіктерді айыппұлсыз түзетуге уақыт беріледі.

«Салықтық әкімшілендірудің тәсілдері түбегейлі өзгереді. Біріншіден, камералдық тексерулер енді ескерту сипатында жүргізіледі. Екіншіден, берешекті өндіріп алу, төлем мерзімін кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері едәуір жеңілдейді. Үшіншіден, егер берешек көлемі аз болса, кәсіпкерлердің шоттары автоматты түрде бұғатталмайды. Оның орнына кезең-кезеңімен хабарландыру жүйесі қолданылады. Бұл бизнеске уақытылы түзету енгізуге мүмкіндік береді», деді комитет төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар шағын және орта бизнеске, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режімдері жаңартылды.