Геннадий Шиповскихтің айтуынша, жастар микроқаржы ұйымдарының жарналамасына оңай алданып қалып жатыр.


Сенат депутаты Геннадий Шиповских жастар арасында қарызға тәуелділік артып келе жатқанына алаңдаушылық білдіріп, депутаттық сауал жолдады.

Оның сөзінше, көптеген жастар жеткілікті тәжірибесі жоқ, микроқаржы ұйымдарының агрессивті жарнамаларына оңай алданып қалуда, қарыз алады, содан кейін жоғары пайыз бен айыппұлға байланысты қарызға батады. Бұл енді жеке отбасылар тап болған жеке қаржы қиындықтары емес, әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін тенденцияға айналды. Сенатор салалық агенттік мұндай қарыз алушылар бойынша статистика жүргізбейтінін, бұл мәселенің ауқымын шынайы бағалауға кедергі келтіретінін айтты.

"Мұндай жағдайдың орын алуына несиенің тым жеңіл әрі жедел рәсімделуі, микроқаржылық ұйымдардың жастарды нысанға алған агрессивті жарнамасы және қаржылық сауаттылықтың төмендігі әсер етуде. Сонымен қатар, микрокредиттік ұйымдарды реттеудегі кемшіліктер де жағдайды ушықтыруда: жеке деректерді енгізу арқылы бірнеше минут ішінде несие рәсімдеу мүмкіндігі жастарды ойланып-толғанбастан қаржылық міндеттеме қабылдауға итермелейді. Бұл олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, күйзеліс пен әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін", – деп атап өтті Геннадий Шиповских.

Депутат жастарға микро несие беру тәртібін қатаңдатуды, оларды 18 жастан бастап тексерусіз ресімдеу тәжірибесін тоқтатуды ұсынды. Оның ұсынысы бойынша, жас шегін 21 жасқа дейін көтеріп, жас қарыз алушылардың қаржылық жағдайына міндетті баға енгізу қажет.

Сонымен қатар, сенатор мектептер мен колледждерде қаржылық сауаттылық бойынша міндетті пәнді енгізуді, сондай-ақ қарызға, құқықтық немесе психологиялық қиындықтарға тап болған жастар тегін консультациялық және психологиялық көмек ала алатын мемлекеттік онлайн-платформа мен өңірлік қолдау орталықтарының желісін құруды ұсынды.


Оқи отырыңыз:

  • "Барлық қарыз жабылады": "Даму" қоры кәсіпкерлерге субсидия төлеу мәселесіне нүкте қойды
  • "Халява", "Пайыз – риба", "Қарызды кешіреді". Ислам қаржысына қатысты мифтер қандай және оларға неге сенуге болмайды