Қазақстанда көлік жүргізу тарихы жақсы жүргізушілерге сақтандыру қызметінде жеңілдік қарастырылған.


Үкімет басшысы Олжас Бектенов жол ережесін бұзбайтын жүргізушілерге ынталандыру шараларын қарастыру жөніндегі сенат депутаттарының ұсынысына орай жауап берді.

Депутаттар жол ережесін бұзған жүргізушілерді жазалаумен қатар, тәртіпке бағынатын көлік жүргізушілеріне көлік сақтандыру қызметінің ақысын азайту сынды түрлі жеңілдіктер беруді ұсынған болатын.

Алайда, Олжас Бектеновтің түсіндіруінше, әлемдік тәжірибеде жол қозғалысы ережелерін бұзу санын азайтуға көтермелеудің әсерін дәлелдейтін тұрақты мысалдар жоқ. ­

"Жол қозғалысы ережелерін сақтау – көлік құралын жүргізушінің тікелей міндеті және ол қандай да бір ынталандыру мен жеңілдіктер негіз бола алмайды. Сонымен бірге, Қазақстанда оң сақтандыру тарихы болған жағдайда автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру құнының төмендеуі арқылы жүргізушілерді көтермелеу тетігі қолданылады. Өз кезегінде, теріс сақтандыру тарихы, керісінше, сақтандыру құнының артуына алып келеді", – деп жауап берді үкімет басшысы.

Сондай-ақ, ол уәкілетті органдар тәртіпті жүргізушілерді қосымша көтермелеу шаралары қажет емес деп есептейтінін алға тартты. Олардың ойынша, бұл бастама айтарлықтай нәтижелерге әкелмейді.


Оқи отырыңыз:

  • Астанада жол ережесін бұзған көліктерді ақылы эвакуациялау жүйесі енгізілді
  • Алматыда көлік иелеріне жаңа шарттар қойылуы мүмкін