2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағына қатысты тергеу нәтижесі жыл соңына дейін жарияланады, деп жазады Egemen.kz.

Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеді.

Мақсат Қалиақпаров алғашқы алдын ала тергеу қорытындысы үш ай ішінде жарияланғанын еске салып, қазір күрделі сот-медициналық сараптамалар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауы күрделі тергеп-тексеру жұмысын талап ететіндіктен, нақты мына күні нәтиже жарияланады деп айта алмаймын. Бастысы, нақты қорытынды қолға түскенде БАҚ өкілдеріне ақпарат беріледі», деді Көлік вице-министрі.

Бұған дейін БАҚ-та құлаған ұшақтың эксклюзив суреттері жарияланған.

Айта кетейік, Ақтау маңында құлаған ұшақта Қазақстанның 6 азаматы болған еді. Қазақстан тарапы апаттан көз жұмған шетелдіктердің мәйітін Әзербайжанға жеткізуге қол ұшын созған.