Тағы 65 адам із-түзсіз жоғалып кетті .

Мексикада нөсер жауын соңы су тасқынына ұласты. Салдарынан 64 адам қаза тапты. Тағы 65 адам жоғалып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Азаматтық қорғаныс жөніндегі ұлттық үйлестіру басқармасы (CNPC) өткен аптадан бері адам шығыны артқанын хабарлады. Табиғи апатқа "Присцилла" және "Раймонд" тропикалық дауылдары себеп болған.

Веракрус, Пуэбла, Идальго, Керетаро және Сан-Луис-Потоси штаттарында қаза тапқандар мен жоғалғандар саны ең көп тіркелген.

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету үшін құтқару топтары жұмылдырылғанын айтты.

"Табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесу және қайта қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", – деді Шейнбаум.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, соңғы жылдардағы ең ірі су тасқынынан 250 мыңнан астам адам зардап шеккен, ал бүлінген үйлер саны 50 мыңға жеткен.