Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгін сағат 17:15 шамасында Мойынты–Шығанақ теміржол учаскесінің Шешенқара–Қаражанғыл аралығында ірі теміржол апаты болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүк пойызының машинисі жолда жұмыс жүргізіп жатқан теміржолшыларды байқап, бірден шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан. Апат болған сәтте Сарышаған станциясынан шыққан жол жөндеу бригадасы рельстерді ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды атқарып жатқан.
– Қауіпсіздік шаралары толық сақталғанына қарамастан, апатты болдырмау мүмкін болмады. Оқиға салдарынан төрт жұмысшы ауыр жарақат алып, сол жерде көз жұмды, – делінген ресми хабарламада.
Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма төрағасының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Комиссияны ұлттық компанияның бас инженері басқарады. Оның құрамына "ҚТЖ – Жүк тасымалы" ЖШС мен Магистральдық желі дирекциясының басшылары кірді.
Комиссия мүшелері оқиға орнына шұғыл жетіп, тергеу жұмыстарын бастап кетті.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.