Депутаттардың өзі бастамашы болған " Жасанды интеллект туралы" және оған ілеспе қос заңға қол қойылды.

Осы арқылы Қазақстанда ЖИ жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді.

"Енді жасанды интеллект адамның белгілі бір міндеттерді орындау құралы ретінде қарастырылады. Осыны ескеріп, заңда жауапкершілік және бақылау қағидаттары бекітілді. Соған сәйкес, меншік иелері мен пайдаланушылар ЖИ жүйелерін қолдану кезінде өзінің атқаратын рөліне қарай жауап береді. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін түпсаналық, манипуляциялық немесе жеке деректер туралы заңнаманы бұзу арқылы жеке деректерді жинап, өңдеу әдістерін қолдана алатын және басқа да бірқатар мүмкіндіктерге ие жасанды интеллект жүйелерін Қазақстан аумағында құруға және пайдалануға тыйым салынды", – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Әлемде бар 200-ден аса тәуелсіз мемлекеттің басым көпшілігі әлі күнге ЖИ-ді жөнге келтіретін арнайы заң қабылдаған жоқ. Қазақстан соның алды болып отыр.

Стэнфорд университетінің AI Index Report есебінде көрсетілгендей, Қазақстан ұлттық заңнаманы жасанды интеллект технологияларын дамытуға бейімдеген әлемнің үздік 15 елінің – ТОР-15-тің қатарына қосылды. Қазіргі уақытта бұл салада қазақстандық 11 өңірде 27 университет пен 6 ғылыми институт жұмыс істейді. ЖИ-зерттеуге 479 ғалым жұмылдырылған. Бұл сала бойынша 62 жоба іске асырылуда.

Жобалардың ең көбі Алматы мен Астанада шоғырланған. Бұл ретте озық өндіріске, цифрлық технологияларға, ғарыш және медицина салаларына ерекше назар аударылады. Мысалы, "Астана Хабтың" өзінде шамамен 1 мың 600 стартап тіркелсе, оның 30%-ға жуығы жасанды интеллектпен айналысады.

Дегенмен, жасанды зерде жете дамымай жатып, оны қатаң мемлекеттік бақылауға алу, сансыз-салмақты тыйымдар енгізу оны "жөргегінде" тұншықтырмас па? Өйткені осының алдында Еуропалық Одақ әлемде бірінші болып, ЖИ-ді қатаң реттейтін заң қабылдаған еді. Одан барлық техноалыптар теріс айнала бастаған соң, ұжымдық Еуропа амалсыз, заңын қайта қарап, жұмсартуға мәжбүр. Осы мәселе Мәжіліс депутаты Дмитрий Колоданы алаңдатады.

"Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллектіні тым қатал реттеу ақыр соңында елдің технологиялық артта қалуына әкеледі. Мұны таяуда Еуроодақ бастан өткерді: ол ЖИ туралы арнайы заң қабылдап, онда бұл технологияны әзірлеу мен ендіруге қатаң талаптар енгізген болатын. Салдарынан, OpenAI және Google сияқты ірі компаниялар төл зерттеулерін Еуропадан тыс аумақтарға көшіре бастады. Егер Қазақстанда реттеу тым қатаң болса, онда ЖИ-мен айналысатын компаниялар бұл технологияларын шетелде, немесе мұндай кедергілері жоқ көрші елдерде әзірлеуді таңдайтын болады", – деді мәжілісмен Колода.

Оның үстіне Парламенттегі талқылау кезінде заңды әзірлеушілер ЖИ-ді мемлекеттік реттеудің не үшін қажеттілігін жете негіздей алмады. Бар айтқаны – оның көмегімен дипфейктер жасалады, алаяқтар пайдаланады.

Бірақ бұл заң алаяқтардың ісін реттемейді, жолын кеспейді, тиісінше, олар ЖИ-ді әрі қарай қолданады, соның ішінде шет мемлекеттің аумағынан әрекет етеді.

"Дипфейктерді шетелдік және қазақстандық алаяқтар кең қолдануда. Мысалы, бейнеқоңырау арқылы туыс немесе жақын адамның даусын келтіріп, сол адам ретінде сөйлесіп, шұғыл түрде ақша аударуды сұрайтын жағдайлар жиі кездеседі. Бүгінде ғаламторда танымал адамдардың қатысуымен жасалған жалған видеолар көбейіп келеді. Дипфейктерді анықтау күннен-күнге күрделеніп бара жатқан кезде олардың таралуын қадағалау және осындай алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін қандай шараларды жоспарлап отырсыздар?" – деп сұрады таяуда сенатор Серік Шайдаров.

Үкімет өкілдері бұл кесапатқа осы заңмен түбегейлі тоқтау салу мүмкін еместігін жасырмады. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның түсіндіруінше, жаңа заң арқылы мысалы, дипфейк жасау үшін пайдалануды қиындату мақсатында әрбір контентті таңбалау бойынша міндетті талап енгізіліп отыр.

Бұл ақпарат құралдарына да қатысты болады. Әйтсе де, мұның алаяқтарды тоқтата алатынына еш кепілдік жоқ. Тоқтату жауапты құрылымдардың күресінің тиімділігіне байланысты дүние.

"Егер ресми контентті дипфейк жасауға пайдаланса, бұған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық кодекстерде тиісті жаза, талаптар қарастырылды. Алаяқтар шынымен де ЖИ-ді адамдардың дауысын, бейнесін қолдан жасау үшін жан-жақты қолдануда. Құзырлы меморгандармен бірге мұндай қоңырауларды әшкерелеу үшін түрлі ақпараттық жүйе пысықталып жатыр. Бұл жерде барлық жауапкершілікті тек ЖИ технологияларын әзірлеушілер мен қолданушыларға арта салуға болмайды! Проблема әлдеқайда терең. Оған тосқауыл қою үшін SIM-карталарды елге әкелуді қатаң реттеу керек. Нарықта SIM-бокстар заңсыз пайдаланылмауы қажет. Мамандарымыз тиісті шабуылдарды, шетелдік колл-орталықтардан кең ауқымды қоңырау соғуларды дұрыс, тиімді бұғаттай білуі шарт", – деді вице-министр Мун.

Яғни, жаңа заң қаптаған тыйым енгізгенімен, ертеңнен бастап алаяқтардың Қазақстанға шабуылы сап тыйылады деген сенім жоқ. ЖИ туралы осы заң авторларының бірі Екатерина Смышляева тыйым-кедергілердің қойылуына орай ЖИ жасаушылар Қазақстаннан безіп кетпейді деп үміттенеді.

"Әрине, Еуропалық Одақтың сол актісі ЖИ-ді реттеген тұңғыш заң болды. Ол жасанды интеллект технологияларына қатысты ең қатаң реттеу ретінде танылды және бүгінде амалсыз, қайта қаралып, жұмсартылып жатыр. Әйтпесе, ол акт бірқатар технологиялық алпауыттардың негізгі орналасқан орнын ауыстыруына, Еуропадан кетуіне соқтырды. Біз реттеуші құралдарды қолдануда мұндай мәселелерді ескеруге тырыстық. Заң бұл технологияның дамуына кедергі болмайды деген үміттеміз. Бірақ осы технологияны мүлдем реттеусіз қалдыра да алмаймыз", – деді депутат Смышляева.

Оның пікірінше, егер ЖИ-ге қатысты реттеу болмаса, онда әлдекімдер "Қазақстанды үлкен сынақтар алаңына айналдырып жіберуі" мүмкін.

"ЖИ-ді ірі технологиялық компаниялар әзірлеуде, бұл корпорациялар технологиясын өте агрессивті түрде ендіріп жатыр. Егер біз бүгін тиісті қорғаныс нысандарын орнатпасақ, осы әлемдік технология жарысына сүңгіп кетсек, онда мемлекетке, қоғамға залал келтіруіміз ғажап емес. Бұл жерде теңгерім-баланс өте қажет. Сол себепті сараланған тәсілді пайдаландық. Тек тәуекел туындататын жасанды интеллект жүйелеріне ғана тыйым салдық, қалғанының барлығы біршама жеңілдетілген реттеуші өрісте жұмыс істей береді", – деді Смышлева.

Алайда мәжілісмендер заңға өзгерістер енгізуге дайын көрінеді.

Өйткені депутат заңда көрсетілгеннен басқа да тыйымдар болуы ықтимал екенін ескертті: оны енді Үкімет, құзырлы органдар, министрліктер тиісті шешім, қаулы, бұйрық, қағида және басқа да нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде енгізе алады.

"Осы арқылы реттеуді икемді етіп отырмыз, ол өмірдегі өзгерістерге тез бейімделе алады. Яғни, мына заңда тек базалық тыйымдар мен шектеулер болады. Қалғаны заңға тәуелді актілер деңгейіне түсіріледі. Жалпы, менің ойымша, біз бұл заңға әлі көп рет қайта оралып, түзететін боламыз. Сонымен бірге, заңда тыйымдарды ғана емес, ЖИ саласындағы инновацияларға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесін де қарастырдық. Біз бір теңгерімді табуға тырыстық. Егер заңды біз, депутаттар жазбасақ, ертең оны жасанды интеллектің өзі жазып, өзі қабылдайтын болады. Біз ол күнді күтіп отырмай, бәрін өзіміз жасағанымызды жөн көрдік", – деді мәжілісмен.