Бүгін һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Яғни Арапа күні биыл 5 маусымға сәйкес келеді.
Ал, 6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні, деп мәлімдеді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы, деп жазады inbusiness.kz сайты.
— Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар алыс та жақын мұсылман елдердің ғұламаларымен, пәтуә шығару орталықтарымен кеңесіп, осындай пәтуә қабылдады, — деді Бас мүфти ҚМДБ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол бұл мерекенің қазақ халқының дәстүрінде орны бөлек екенін атап өтті.
— Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың семізін, жарамдысы мен ең жақсысын құрбандыққа шалып, етін тұрмысы төмен адамдарға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлыққа кәде беру секілді амалдар дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.
Зулхижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, 2025 жылы 27 мамырда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 28 мамырда басталып, арапа 5 маусымға, ал құрбан айт 6 маусымға сай келеді.
Ал, арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін", – деген.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: "Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал" ("Кәусар" сүресі, 2-аят) деп бұйырған.
Айта кетейік, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен діни мерекелер кестесіне сәйкес "Құрбан айт" мейрамы үш күн бойы (6-8 маусым) тойланады.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 84-бабына сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні жұмыс режимі мен ауысымдық (вахталық) кестеге қарамастан демалыс саналады.
Осылайша, маусым айында қазақстандықтар 5 күндік және 6 күндік жұмыс жағдайында да қосымша бір күн демалады:
- 5 күндік жұмыс аптасы — 6, 7 және 8 маусым демалыс;
- 6 жұмыс аптасы — 6 және 8 маусым демалыс, ал 7 маусым жұмыс күні.