Биыл Арапа күні 26 мамырға сәйкес келсе, Құрбан айт мерекесі 27 мамырда тойланады.
Яғни, Құрбан айттан бір күн бұрын мұсылман қауымы Арапа күнін мерекелейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақ халқы Арапаны әлімсақтан қадірлеген. Бұл күні Құрбан айт мерекесіне тыңғылықты дайындалып, марқұмдарға дұға бағышталған. Тіпті, бір-біріне қонаққа түсіп, ұлық мейрамның келгеніне мәз-мейрам болысқан.
Бұл күні бес парыздың бірі, қажылық парызын өтеу үшін дүниенің әр жерінен қасиетті Мекке шаһарына жиналған қажылар Арафат тауында Аллаға мінәжат етеді. Қажылыққа бара алмағандары бұл күнді құрмет тұтып, құлағына, көзіне және тіліне ие болып, тәшриқ тәкбірін айтып, ораза ұстап, дұға және тәубе жасап, кешірім тілеумен өткізеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): "Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені, Арапа – Алла Тағала қадірлеген күн" деп айтқан.
Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі парыз намаздардан кейін тәшриқ тәкбірі айтылады. Оны ерлер дауыстап, әйелдер іштей оқиды.
Арапа күні ораза ұстау сүннет амалдардың бірі саналады. Хадистерде бұл күнгі оразаның сауабы өте мол екені айтылған. Пайғамбарымыз "Арапа күні ұсталған ораза өткен және келер жылдың (2 жылдық) күнәларының кешірілуіне себеп болады" деген.
Арапа күні – дұғаның қабыл болатын ерекше сәттерінің бірі. Сондықтан, бұл күні еліміздің, жеріміздің, отбасымыздың амандығын тілеп, шын жүректен дұға жасаған дұрыс.
Арапа күні – Алланың мейірімі мен кешірімі молынан төгілетін күн. Сол себепті, әр мұсылман жасаған қателіктері үшін тәубе етіп, кешірім сұрауға тырысуы керек.
Кешірім – имандылықтың белгісі. Бұл күні ренжіскен жандармен татуласып, айналамыздағы адамдарды кешіре білу де үлкен сауапқа жетелейді.
Ораза уақытында ішіп-жеуден ғана тыйылмау керек. Яғни, рухани тәртіп те өзекті. Мұсылмандар ғайбат айту, өсек тарату, өтірік сөйлеу және бос даулардан аулақ болуы тиіс. Себебі, мұндай әрекеттер оразаның рухани сауабын азайтады. Бұл күндері ойын-сауық пен бос сөзді азайтып, Құран оқуға, дұға жасауға және рухани дамуға көбірек көңіл бөлген дұрыс.