Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құттықтау мәтінін сәрсенбі, 27 мамырда Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.

"Қымбатты отандастар!

Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алады, оны бүкіл ислам әлемі зор ықыласпен күтеді. Ол мейірімділікке, жанашырлыққа, адамгершілік тұрғыдан өзін-өзі кемелдендіруге, өзара құрметке, сенім мен ынтымақтастыққа шақырады.

Құрбан айттың берекелі күндері бір-біріне қолдау көрсетудің, үлкенді құрметтеудің, ел игілігі үшін ортақ жауапкершіліктің маңыздылығын еске салады. Бұл — әділдікке, ниеттің тазалығына, гуманизмге негізделген исламды терең сезіну және дұрыс түсіну уақыты.

Исламның және басқа да дәстүрлі діндердің озық құндылықтары халқымыздың рухани дамуының, ұрпақтар сабақтастығының, қоғамымыздағы бірлік пен келісімнің берік іргетасы болып табылады.

Бәріміз үшін елдің Егемендігі мен Тәуелсіздігінен биік ештеңе жоқ. Конституция — халқымыздың күнделікті тыныс-тіршілігінің айнасы, бірегейлігіміздің өзегі. Сондықтан ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың мызғымас басымдығы және маңызды конституциялық міндет болып табылады.

Елдегі тұрақтылық пен үйлесімді көздің қарашығындай сақтау — әрбір жауапты азаматтың борышы. Күрделі жаһандық сын-қатерлер жағдайында бұл Отанымыздың одан әрі өркендеуінің негізі, Әділетті, Озық Қазақстанды құрудың басты шарты болып табылады.

Бірлік пен жасампаз патриотизмде біздің басты күшіміз бар екеніне сенімдімін.

Барша отандастарыма зор денсаулық, бақыт және береке тілеймін!

Құрбан айт мерекесі құтты болсын!"

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget