16-20 қараша аралығында World Boxing-тің ұйымдастыруымен Үндістанның Нью-Дели қаласында әлем кубогінің ақтық кезеңі өтеді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Аталмыш жарыста ел намысын екінші және үшінші нөмірлі боксшылар қорғамақ. Осы ретте спорт журналисі Аслан Қаженов әлем кубогінің финалдық кезеңіне рейтингте көш бастап тұрған “мықты” боксшылардың не себепті бармайтынын түсіндірді.
“Неге мықтыларды апармаймыз?!
Бірер күннен кейін Үндістанның Дели қаласында бокстан әлем кубогының соңғы, яғни, қорытынды кезеңі өтеді. Ел намысын қорғайтын спортшылар жолға шығып жатыр. Тізімді көрген шығарсыз. Басымдық екінші және үшінші нөмірлі боксшыларға, оның ішінде, жастарға берілген. Неге? Біріншіден, World Boxing ұйымы бұл жолы қатысушыларды арнайы шақыру бойынша жинамақ. Ол жерде World Boxing ұйымының рейтингі негізге алынған. Мәселен, ерлерде 60 және 65 келіде боксшымыз жоқ. Өйткені, рейтингте боксшымыз жоқ. Ал, қалған салмақтарда бар. Мәселен, 50 келіде Санжар Тәшкенбай топ бастап тұр. Ол бармайды. Оның орнына, сол рейтингте кейінгі тұрған қазақстандық Нұрзат Оңғаров қойылды. 55 келіде Махмұд Сабырхан тұр. Ол да бармайды. Сондықтан, Нұрсұлтан Алтынбек жұдырықтасады. Дәл солай бүкіл салмақта жеке-жеке боксшылар іріктелді. Әсіресе, жастарға басымдық берілген. Ол да өте маңызды. Ол да жақсы мүмкіндік.
Әлем кубоктарының жалпы есебінде Қазақстан, Бразилия және Өзбекстан көш бастап тұр. Біздің қыз-жігіттер алдындағы мақсат – бірінші орынды сақтап қалу. Қолдан келетін шаруа деп ойлаймын. Өйткені, негізгі қарсыластырдың да құрамалары осындай. 50/50. Оларға да шақырту жіберілді және олар да ең үздіктерін қойып жатқан жоқ. Өйткені, Ливерпульдегі әлем чемпионатынан кейін қалыпқа келу процесі жалғасып жатыр. Менің ойымша Үндістаннан біздің спортшылар кемінде 2-3 алтын әкеле алады. Әсіресе, жастар сенсациялық нәтижелер тіркеп, көпшілікті тәнті етуі керек. Жалпы есептегі орнымыз сақталып, әдемі нүктесі қойылады деп сенеміз! Сәттілік!”, — деп жазды ол Instagram парақшасында.
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов та жас боксшыларды әлемдік аренаны көріп, тәжірибе жинау үшін жіберіп жатқандарын айтты.
”Құрметті бокссүйер қауым, өздеріңіз білетіндей, 16-20 қараша аралығында Үндістан мемлекетінде әлем кубогінің соңғы кезеңі өтеді. Бұл жарыс жабық турнир болып есептеледі. Жарысқа әр салмақта 8 боксшыдан 18 мемлекеттен 130 спортшы қатысады. Жабық турнир болғандықтан ұйымдастырушылар жыл басынан болған әлем кубоктарының нәтижесі бойынша әр мемлекетке квоталар береді. Бізге, ұлдарға 8, қыздарға 5 квота берілді. Бапкерлер кеңесінің шешімімен жарысқа Семей қаласында өткен Қазақстан чемпионатының нәтижесімен екінші және үшінші нөмірлі боксшылар қатысады. Басты мақсатымыз — жас боксшылар әлемдік ареналарды көріп, тәжірибе жинау үшін жіберіп жатырмыз. Ал бірінші және екінші нөмірлі боксшыларымыз қараша айының соңында Ташкентте өтетін бірлескен оқу-жаттығу жиынына барады. Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Таиландтың және Қазақстанның бірінші және екінші нөмірлі боксшылары қатысады. Әйелдер құрамасы жылдың соңына дейін өздерінің жоспарларына сай дайындалады”, — дейді ол.
Бұған дейін әлем кубогінің ақтық кезеңіне қатысатын Қазақстан құрамасы анықталғанын жазған едік.