Үндістанның Дели қаласында бокстан әлем кубогінің ақтық кезеңі өтіп жатыр.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Байрақты бәсекенің бүгінгі жарыс күнінде 5 боксшымыз шаршы алаңға шығады. 13:30-да басталатын күндізгі сессияда Нұрсұлтан Алтынбек, Аман Қонысбеков, Бекзат Таңатар өнер көрсетеді. Ал кешкі сессияда Нұрзат Оңғаров пен Нұрбек Мұрсал ел намысын қорғайды. Кешкі сессия 17:30-да басталады. Боксшыларымыз жеңіске жетсе, жартылай финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін шаршы алаңға шыққан Ақбота Болат алғашқы айналымнан аса алмады. 48 келіде өнер көрсеткен ол Минакши Минакшиге (Үндістан) жол берді. Ал бірінші жекпе-жегін 5:0 есебімен аяқтаған Санжарәлі Бегалиев әлем кубогінің жартылай финалына жолдама алды. Ол алғашқы кездесуде кореялық Минсенг Кимді жеңді.