Жасанды интеллект тек мәтін жазып, сұрақтарға жауап берумен шектелмейді — ол жаһандық электр энергиясының ауқымды тұтынушысына айналып барады. Joule журналында жарияланған соңғы зерттеуге сәйкес, бүгінде жасанды интеллект жүйелері әлемдегі барлық деректер орталықтарындағы электр қуатының 20%-на дейін тұтынады. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін екі еселеніп, деректер орталықтарының барлық энергиясының жартысына жуық бөлігін құрауы мүмкін. Ал бұл дегеніміз — жасанды интеллект экология мен климатқа нақты қауіп төндіре бастады деген сөз.

ChatGPT неге көп қуат тұтынады?

Мәселе тек ChatGPT немесе өзге де тілдік модельдердің сандық мүмкіндігінде емес, олардың жоғары есептеу қуатына тәуелділігінде. Жасанды интеллектті үйрету, қолдану, жаңарту — бәрі де мыңдаған сервер, күрделі чиптер мен үздіксіз жұмыс істейтін салқындату жүйесін қажет етеді. Осыны ескерген зерттеуші Алекс де Врис-Гао (Digiconomist компаниясының негізін қалаушы) жасанды интеллектінің энергияға деген тәбеті Bitcoin майнингімен теңдесе алатынын, тіпті оны басып озатынын ескертеді.

Bitcoin өндіруге кеткен ақша – қазіргі Google, Microsoft және өзге ірі технология алпауыттарының ЖИ жобаларына салып жатқан қаржысының жанында түк емес. Бұл қарқын әлдеқайда қауіпті, — дейді де Врис-Гао.

Жасанды интеллекттің экологияға әсері

Технологиялық компаниялар өздерінің жыл сайынғы тұрақты даму есептерінде жасанды интеллектінің энергия тұтынуын мойындап отыр. Мысалы, Google соңғы есептерінде 2024 жылы парникті газ шығарындыларының 48%-ға артқанын растаған және оның басты себебі ретінде — ЖИ есептеу процестерін көрсеткен.

Google-дың 2024 жылғы баяндамасында мынадай жол бар:

ЖИ жүйелерін өнімдерімізге тереңірек енгізген сайын, энергия сұранысы арта береді. Бұл — шығарындыларды азайту міндетімізге кедергі болуы мүмкін.

Қанша энергия кетіп жатыр?

Халықаралық Энергетика Агенттігі (IEA) 2024 жылы деректер орталықтарының әлем бойынша 415 ТВт/сағ энергия тұтынғанын айтады — бұл шамамен Сауд Арабиясының бір жылдық электр тұтынуына тең. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары 900 ТВт/сағ-тан асады деп болжануда. Оның ішінде жасанды интеллектінің үлесі күн сайын артып келеді.

Алекс де Врис-Гао бұл деректердің нақты көлемін анықтау үшін TSMC (Taiwan Semiconductor Manufacturing Company) секілді ірі чип өндірушілердің өндірістік қуаты мен чиптердің энергия тұтынуын салыстырған. Жасанды интеллектіге арналған аппараттар — әсіресе Nvidia, AMD, Google TPU сияқты жүйелер — өте қуатты, бірақ соншалықты энергияны көп қажет етеді.

Оның бағалауы бойынша, егер өндіріс көлемі күткендей артатын болса, 2025 жылы ЖИ жүйелері 82 ТВт/сағат энергияны тұтынады. Бұл — Швейцарияның бір жылдық энергия шығынына тең.

Мәселе — мөлдірлік жоқтығында

Жасанды интеллекттің нақты қанша энергия тұтынатыны — толық анық емес. Себебі ірі технология компаниялары өз серверлерінің энергия шығынын нақты жарияламайды. Ал қолда бар мәліметтер — сарапшылардың болжауы, құрылғылар сипаттамасы мен жылдық есептерден алынған деректерге ғана сүйенеді.

Hugging Face платформасының климат жөніндегі жетекшісі Саша Лучони былай дейді:

Егер Google секілді компаниялар бұрынғыдай энергия тұтыну деректерін ашық жариялайтын болса, онда нақты бағалау мүмкін болар еді. Ал қазіргі дерек – көп мөлшердегі болжам ғана.

Жасанды интеллект адамзатқа пайдалы құрал бола алады, бірақ оның экологияға және энергетикаға тікелей әсерін ескермеу — үлкен қателік. Алпауыт технологиялық компаниялар ашықтық пен жауапкершілік танытпаса, болашақта ЖИ — тек интеллектуалды емес, экологиялық дағдарысқа да себеп болуы мүмкін.