Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қайта құрылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Ал инновацияларға қатысты функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне беріледі.
Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасының Конституциясы 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Инновациялық қызмет саласындағы функциялар мен өкілеттіктерді Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне бере отырып, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылу жолымен қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік органдардың және оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;
2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
1-тармақтағы "Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі" деген жол мынадай редакцияда жазылсын: "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі".
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.