Алматыда былтыр болған жер сілкінісі кезінде алдын ала хабарлау жүйесі жұмыс істемеді. Осы жайтқа кінәлілер жазаланды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылғы 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Алайда бұрын сатып алынған автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесі (ААЕЖ) жұмыс істемей, халыққа уақтылы хабарланбады.
"Мемлекет басшысының және Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес Алматы прокуратурасы Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің қызметіндегі осы жүйені сатып алудың заңдылығына тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесінде бюджет қаражатын жымқыру белгілері анықталып, соталды тергеп-тексеру басталды", — деп жазылған прокуратура хабарламасында.
Тергеу барысында TNS-INTEC ЖШС бас директоры жеке пайда табу ниетімен сапасыз жабдық жеткізіп, орындалған жұмыстарға жалған акт рәсімдегені және осылайша аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны анықталған. Бұл қылмыстық іс бойынша Алматы гарнизонының әскери соты үкім шығарды.
"Жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқаны үшін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары, жеткізілген жабдықтың сапасына бақылау жүргізбеген авторлық және техникалық қадағалау өкілдері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларды бас бостандығынан және мемлекеттік әрі квазимемлекеттік органдарда белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады", — деп жазылған хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!