Ақмола облысында тауарлы сүт фермалар көбейіп келеді. Былтыр бес нысан іске қосылса, қазір тағы екі ферма салынып жатыр.
Осылайша, сүт өндірісі 20 пайызға ұлғайып, асыл тұқымды мал басы артты. Шаруаларға кәсібін дамытып, асылтұқымды ірі қара сатып алуға мемлекеттен қомақты қолдау да көрсетіледі.
Жаңа тауарлы сүт ферманың бірі Еленов ауылында салынып жатыр. Алып кешен 400 бас сиырға арналып, заманауи жабдықталады. Қазір нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Кәсіпорын басшылығы асыл тұқымды сиырлардың алғашқы легін әкелген.
Юрий Швец, «Agro Milk Project» кәсіпорынының директоры:
- Біз барлық асылтұқымды ірі қараны Қазақстаннан жинадық. Бұл гольштин тұқымды сиырлар өте сүтті келеді. Біреуі тәулігіне шамамен 30 литрге дейін сүт береді. Осылайша, біз бір күнде 8 тонна сүт өндіреміз деп жоспарлап отырмыз. Өнімді жергілікті сүт өңдеу зауыттарына өткіземіз. Қазір олармен келісімшарт жасалды.
Жалпы ферманың құны 1,3 млрд тенге. Оның жартысын мемлекет жеңілдетілген несиемен берді. Осындай игі жоба жалғасып жатыр. Мысалы, келесі жылы Бурабай ауданында тағы тауарлы сүт фермасы пайдалануға беріледі.
Ілияс Жүсіпов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыс шаруаларына 2,5 пайызбен 10 жылға есептелген жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Мысалы, 2023 жылдан бері 7 ірі инвестициялық жоба қаржыландырылды. Соның 5-і іске қосылды. Қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Биыл тағы бір жоба мақұлданып, қаржысы бөлінді. Жаңа тауарлы ферма 800 орынға арналған.
Қазір аймақта 47 сүт зауыты бар. Олар жылына 200 мың тоннадан аса дайын өнім шығарады. Басты мақсат — импорттық тауарларды ығыстырып, ішкі сұранысты қамтамасыз ету.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко